Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу – мектеп, отбасы және тұтас қоғам үшін аса жауапты міндет. Жасөспірімдік кезең – баланың мінезі мен дүниетанымы қалыптасып, қоршаған ортаға көзқарасы өзгеретін күрделі шақ. Осы кезеңде туындаған отбасылық түсініспеушілік, қатарластары арасындағы қарым-қатынас, буллинг, оқу үлгеріміне қатысты қиындықтар немесе өзін жалғыз сезіну балаға елеулі психологиялық салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, оның мәселесін елеусіз қалдырмау – алдын алу жұмысының маңызды шарты.
Суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда аутодеструктивті әрекеттерге де ерекше мән беріледі. Аутодеструктивті мінез-құлық – адамның өзіне зиян келтіруге немесе өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге бағытталған әрекеттері мен мінез-құлық ерекшеліктері. Ол әртүрлі сипатта көрінуі мүмкін.

Мәселен, баланың өзін жарақаттауы, қауіпті әрекеттерге әдейі баруы, өзін төмен бағалауы, ұзақ уақыт эмоционалдық күйзелісте болуы немесе өмірге деген қызығушылығының төмендеуі назар аударуды қажет етеді. Мұндай белгілердің әрқайсысын бірден суицидтік қауіп деп бағалауға болмайды, алайда олар баланың психологиялық жағдайын тереңірек зерделеуді қажет ететін маңызды сигнал болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу ең алдымен баламен дұрыс қарым-қатынас орнатудан басталады. Жасөспірімнің мәселесін кішірейтіп көрсету, оны кінәлау, қорқыту немесе «бәрі өзіңе байланысты» деп жауапкершілікті өзіне ысыру – жағдайды күрделендіруі мүмкін. Керісінше, баланы сабырмен тыңдап, оның сезімін жоққа шығармай, қажет кезде көмек бар екенін сезіндіру маңызды. Кейде балаға шешім айтып немесе ақыл үйіп-төгуден бұрын оның сөзін бөліп-жармай тыңдаудың өзі үлкен қолдау болады.
Педагогтер мен ата-аналар баланың күнделікті мінез-құлқына назар аударуы қажет. Бұған дейін белсенді болған оқушының кенеттен тұйықталуы, құрдастарынан алшақтауы, көңіл күйінің жиі өзгеруі, ашушаңдықтың күшеюі, сабаққа қызығушылығының төмендеуі немесе қарым-қатынастан қашқақтауы сияқты өзгерістер ескерусіз қалмауы тиіс. Бұл белгілердің түрлі себептері болуы мүмкін. Дегенмен баланың ішкі жағдайына мән беріп, қажет болған жағдайда психолог маманға жүгіну оның мәселесін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыстар Новобогат орта мектебінде де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен оқу жылында ата-аналарға, педагогтерге және жасөспірімдерге аутодеструктивті және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша арнайы дәрістер мен тренингтер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Мұндай шаралар балалардың психологиялық қауіпсіздігі туралы түсінігін кеңейтіп қана қоймай, ата-ана мен мұғалімнің балаға қолдау көрсету жолдарын түсіндіруге бағытталды. 2025-2026 оқу жылында мектеп бойынша 205 балаға психологиялық диагностика жүргізілді. Сонымен бірге 7-11 сыныптарда білім алатын 67 жасөспірімнен аутодеструктивті мінез-құлықты анықтауға бағытталған сауалнама алынды. Диагностика қорытындысы бойынша бес жасөспірім психологиялық қолдау тобына алынды. Қолдауды қажет ететін оқушылармен жеке кеңестер ұйымдастырылып, олардың жағдайы мен мәселесіне қарай жеке жұмыс жоспары құрылды. Мектепішілік педагогикалық-психологиялық қолдау мамандары жасөспірімдермен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, олардың эмоционалдық жағдайын бақылауға, әлеуметтік және психологиялық мәселелерін анықтауға, тиісті қолдау көрсетуге басымдық берді. Жүргізілген сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдердің мінез-құлқында оң өзгерістер байқалды. Мұндай нәтижеге бір ғана маманның жұмысы арқылы қол жеткізу мүмкін емес. Баланың қауіпсіздігі үшін ата-ана, сынып жетекшісі, мектеп психологі, әлеуметтік педагог және педагогикалық-психологиялық қолдау мамандары арасында өзара байланыс болуы қажет. Әр тарап баланың жағдайы туралы қажетті ақпаратпен бөлісіп, мәселені бірге шешуге ұмтылғанда ғана қолдау жұмысы жүйелі сипат алады.
Алдын алу жұмысында баланың қоршаған ортасына да мән беріледі. Жасөспірімнің сыныптастарымен қарым-қатынасы, мектептегі өзін-өзі ұстауы, ұжымдағы орны, құрдастары тарапынан қысымға немесе түсініспеушілікке ұшырамауы назарда болуы қажет. Осы ретте оқушыға өз мәселесін еркін айтуға мүмкіндік беретін сенімді орта қалыптастыру маңызды. Бала қандай да бір қиындыққа тап болған кезде оны жалғыз қалдырмай, мәселенің себептерін анықтап, оны шешудің қауіпсіз жолдарын бірге қарастыру – профилактикалық жұмыстың негізгі тетіктерінің бірі.

Әсіресе бала өзіне зиян келтіру ниетін немесе өмірмен қоштасу туралы нақты ойын айтқан жағдайда оның сөзін назар аудартудың амалы деп қабылдауға болмайды. Мұндай сөздерге байыппен қарап, баланы жалғыз қалдырмай, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шұғыл түрде тиісті кәсіби көмекке жүгіну қажет. Бұл жерде басты міндет – баланы жазалау немесе оның әрекетін бағалау емес, оның өмірі мен денсаулығын қорғау. Суицидтің алдын алу тек қауіп белгілері пайда болған кезде жүргізілетін жұмыс емес. Оның негізі күнделікті ортада қаланады. Мектепте оқушы өзін қауіпсіз сезініп, ойын ашық жеткізе алатын, қиындыққа тап болғанда көмек сұраудан қорықпайтын жағдай қалыптасуы керек. Ал отбасында баланың жетістігін ғана емес, оның көңіл күйі мен ішкі жан дүниесін де назарда ұстау маңызды.
Балаға уақытында көрсетілген назар – алдын алудың ең қарапайым әрі маңызды қадамы. Оның үнсіздігін елемеу, өзгерісін байқамау немесе мәселесін жеңіл қабылдау кейін күрделі жағдайға әкелуі мүмкін. Ал дер кезінде байқалған өзгеріс, ашық әңгіме және маман көмегі баланың қиындықты қауіпсіз жолмен еңсеруіне мүмкіндік береді.
Ляззат ЖУМАЕВА,
Новобогат орта мектебінің психологы



