Табиғатты түлеткен тағылымды бастама

 

Жасыл экономика – табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуды, энергия тиімділігін арттыруды және экономикалық өсімді экологиялық жауапкершілікпен ұштастыруды көздейтін маңызды бағыт. Бүгінде табиғатты қорғау мен ресурстарды үнемдеу тек экология саласының міндеті емес, елдің тұрақты дамуының негізгі шарттарының біріне айналды. Энергияны тиімді пайдалану, қалдықтарды азайту, көгалдандыру және табиғи ресурстарды ұтымды игеру қоршаған ортаны сақтаумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Жасыл экономиканың қағидалары ірі жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, күнделікті тұрмыста да көрініс табуы тиіс. Бұл ретте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.

Аталған бастама жасыл экономика қағидаларымен осы тұста сабақтасады. Қоршаған ортаны таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды азайту көгалдандыру жұмыстарын күшейту, табиғи аумақтарды қорғау – барлығы экологиялық тұрақтылыққа бағытталған ортақ мақсатты көздейді. Сондықтан бұл бастаманың мәні тазалық жұмыстарынан әлдеқайда кең.  Осы бағыттағы жұмыстар ауданда да жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің айтуынша, өткен жылы 27 іс-шара бекітілсе, биылғы жылға арналған медиа-жоспарға 36 іс-шара енгізілген. Осы ретте аудан көлеміндегі жұмыстарға зер салып, жасыл экономика қағидалары мен «Таза Қазақстан» бастамасының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқанын талдап көрдік.

БІР ТАЛ КЕССЕҢ, МЫҢ ТАЛ ЕК...

Ауданымызда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында көгалдандыру және қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл жасыл желектерді көбейту мақсатында 13 400 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жоспарланған 6250 көшеттен екі еседен астам жоғары көрсеткіш. Оның ішінде облыстық бюджет қаражаты есебінен 6250 көшет егілсе, көктемде 3450, күзде 2800 тал отырғызылды. Сонымен қатар«Ембімұнайгаз» АҚ демеушілігімен Аққыстау ауылында 4,5 гектар аумаққа 4150 көшет егілді. Ал Нарын ауылдық округінде экологиялық жағдайды жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 45 млн теңге бөлініп, 3000 акация көшеті отырғызылды. Жалпы, 2021-2025 жылдары аудан аумағына бюджет қаражаты есебінен 29 200 ағаш көшеті отырғызылды. 

Көгалдандыру жұмыстары аудан бойынша биыл да жалғасын тауып, 7000-ға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар облыстық бюджет, «Ембімұнайгаз» АҚ демеушілігі және инвестициялық жобалар аясында жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда компанияның қолдауымен Х.Ерғалиев ауылында 5 гектар аумақты қоршау жұмыстарына дайындық жүргізілуде, мұнда күзде 4000-нан астам көшет отырғызу көзделген. Сонымен қатар сәуір айында өткен «Ағаш отырғызу» акциясы барысында аудан бойынша 865 көшет егілді. Оның ішінде Тұщықұдықта – 500, Қамысқалада – 200, Нарын ауылында – 120, Зинеденде – 30, Аққыстауда 15 көшет отырғызылды. Бұдан бөлек, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобаларға облыстық бюджеттен 631,5 млн теңге бөлуге өтінім жолданды. Қаражат Аққыстау мен Тұщықұдықта тал егуге және аумақтарды қоршауға, Х.Ерғалиев, Нарын, Жанбай, Зинеден ауылдарындағы көгалдандыру жұмыстарына, сондай-ақ Аққыстауда дендрологиялық парк құруға бағытталмақ.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT