Тағдырларды табыстырған ізденіс

 

Сұрапыл соғыс жай ғана тарих емес, ол – туғанын жоғалту, батылдық пен ерлік жолы, адамзат баласының басына түскен ауыртпалық дерті, зауыт станоктарында тер, майдан даласында қан төккен азаматтардың тағдыр-талайы. Сол бір зұлматтың нәтижесінде талай шаңырақ қайғы жамылды, талай ошақтың оты сөнді, талай ұл мен қыз жетім болып жетілді, Отаным деп от кешкен талай боздақ хабар-ошарсыз кетті. Тек кейінгі уақыттарда ғана Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеп, архив қойнауындағы ұмыт қалған есімдерді тірілтіп жүргендердің тер төккен еңбектерінің арқасында деректері мен дәйектері белгілі болып жатқандары баршылық. Сондай тер төккен еңбек иелерінің бірі – аққыстаулық азамат, газетіміздің белсенді тілші-авторы Еркін Жұмажанов. Бүгінде зейнеткерлік жаста  болса да әдетінен жаңылмаған онымен мерекелі сәтте сұхбаттасқан едік. 

- Ереке, сол бір сұрапыл жылдарда Отан үшін деп отқа түсіп, сүйегі жат жерде қалған боздақтардың бір дерегін білуге, сол үшін ерінбей-жалықпай ізденуге не себеп болды? Бұл жалақы алып отырған жұмысыңызға кесел келтірмеді ме? Жалпы, осының бәрі қалай басталып еді өзі?

- Әрине қандайма жұмысты болсын қолға алуға бір нәрсе себепші болатыны рас. Сұрапыл сұм соғыста Отанын қорғау үшін қан майданға аттанған жерлестеріміздің деректерін іздестіруге алғашында өзімнің туған атам Қамидоллаұлы Жұмажан жөніндегі мәліметтерді ғаламтордан іздестіріп табуым себепкер болды. 

Бұл жылдар бойы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталықтандырылған архивін-де «аса құпия» белгісімен сақталып келген, төрт жылғы соғыстағы жинақталған тонналаған құжаттар заманауи технологиямен жалпылама компьютерлік банкке көшірілуі нәтижесінде мүмкін болып еді. Сөйтіп, қаншама жыл бо-йына «хабарсыз кеткен» деп саналып келген атамның қаза тапқан жері анықталды. Тағы бір қуаныштысы, атамның туған інісі Әбу атам да онымен бірге соғысып, бір село үшін болған шайқаста қаза тауып, бір бауырластар зиратына бірге жерленген екен. 
Жеңістің 70 жылдығында аталарымның бейітіне барып, тағзым етіп келдім. Ауылға келгесін ағайын бар, жақын-жуық бар дегендей, көпшілігі өздерінің әкесі, атасы жөнінде деректер іздестіруіме, яғни бір дерегін тауып беруіме өтініш жасады. Алғашқы тапқаным жездемнің досының атасы еді, ол кісі де көп кешікпей ата бейітінің басына барып келді. Сосын жерлес боздақтар туралы табылған деректі хабарларды аудандық газет жариялай бастады. Жүзге жуық азамат Ресейдің түрлі облыстарында, ал бір құрдасым Белоруссияда жерленген әке, ата бейіттерінің басына барып келіп, үлкен ризашылығын білдіріп кетті. Бара алмағандары телефон арқылы немесе аяқтай келіп алғыстарын білдірді.

2019 жылы инсульт алып, сырқаттанып қалдым. Қазір, Құдайға шүкір, жаман емеспін, қозғалуым мен сөйлеуіме айтарлықтай қатты кесел келмеді. Мұны алдымен Алла, сосын дәрігерлердің көмектерінен деп білемін, сондай-ақ, деректері табылып, елге жеткен марқұм аталардың әруақтарының ризалығынан, олардың ұрпақтарының өз атыма айтылған алғыстары мен жаудырған баталарынан деп те есептеймін.

Ізденуім жалақы алып отырған жұмысыма ешқандай кеселін тигізген жоқ, себебі мен іздестіруді жұмыстан тыс уақытымда, үйдегі компьютер арқылы ғана жүргіземін.

 

- Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 81 жыл толады. Арада соншама уақыт өтсе де, сол бір соғыс салған жаралар әлі де жүректерді сыздатары сөзсіз. Оған басқаларға қарағанда сіз көбірек көз жеткізіп жүргеніңіз анық десем артық болмас. Өйткені әке, аталарының жерленген жерін тапқан жерлестердің өзіңізге айтар алғысы да, сіз куә болған көңіл толқынысы да аз болмаған шығар?

- Ондай сәттер аз кездеспеді. Мұндай сәттегі көңіл толқынысын өз басымнан да өткізген маған бәрі түсінікті. Өзімнің туған атамның інісімен бірге жерленген Бауырластар зираты басына арнайы құранымызды оқып, атакүлдігіміз Обалыдан алып барған туған жердің бір уыс топырағын салған кезімде ерекше бір көңілім толқыды. Сол күнге жете алмаған марқұм әжемнің, әкем мен апа-ағаларымның асыл армандарын орындағаныма шексіз бақытты сезінген сәт ол өзімді. Сондықтан да газетте жарияланған деректерім бойынша әкесінің, атасының бейіттерінің басына барғандардың бастан кешкен көңіл-күйін жақсы сезінемін. 

Өзім куә болған бір жағдай есімде. Ауылдан екі мың жарым шақырым қашықтағы жауынгер әке зиратына денсаулығына байланысты бара алмай, менімен шамалас баласы екеумізді жіберген 80 жастағы қарттың аманатын орындап, Ленинград облысының батпақты бір разъезіндегі бауырластар қауымына жол шектік. Алдын ала электронды поштасы арқылы сөйлескен ауыл әкімі (бізше айтқанда) біз түсетін 9 мамыр күні мүмкіндік болса бір қызметкерге Бауырластар зиратына жол бастауға тапсырма берем деген еді. Алайда қатты «мейрамдап» қойған әлгі қызметкері түсқайта біз пойыздан түскенде күте алмады. Амал жоқ, Аллаға сыйынған екеуміз ну орманның ішіндегі екі жағы балшыққа толы жалғыз аяқ жолмен әкімнің алдын ала берген бағдары бойынша шамалап жүріп кеттік. Бір сағатқа жуық жүріп, орманға еніңкірегесін екеуміз де «дұрыс келе жатырмыз ба осы» деп бір-бірімізге қарап қоямыз. Сосын мен «атаңның аруағы далада қалдырмас, ол кісі де немересінің іздеп келе жатқанын сезіп жатқан болар, табамыз» деп нық сеніммен айтқам. Айтқанымша болған жоқ, оң жағымыздан орман ішінен бірдеңе жарқ ете қалды. Анықтап қарағанымызда көргеніміз күнге шағылысқан зират басындағы алтын түстес жұлдызша болды. Барсақ, өзіміз іздеп келе жатқан 30 шақты жауынгер жерленген Бауырластар зираты сол екен. Жалма-жан тізімді қарадық, фамилиясын бір әріпке қате жазған атамыздың да аты-жөні сонда тұр екен.

Тағы бірде газетте жарық көрген менің мақаламды оқыған бір ауылдас ағамыз қазір Атырау қаласында тұратын нағашысына сол мақалада келтірілген оның әкесінің жерленген жері туралы айтады. Содан 80-ге таяған сол қартымыз баласын ертіп Москва облысы аумағындағы зиратқа барып келді. Келген соң әке әруағына арнап берген ас дастарханының үстінде айтқан әлгі ақсақалдың әңгімесі есімде қалыпты. «Қауым балшықты да тасты, жаяу адам, әсіресе үлкен кісілерге жүруге өте ыңғайсыз жерде екен. Балам арқалап апаруға ниеттенген, қанша қиын болса да әкемнің басына аяқтай жүріп барамын деп көнбей, өз аяғыммен бардым» деді ол толқыған көңілін әзер баса тұрып сол жолы.

 

- Қанша дегенмен, арада көп уақыт өтті ғой. Боздақтарды іздестіруде, олардың нақты деректерін табуда қиындық келтірген жағдайлар болды ма?

- Іздестіру жұмысындағы өзім кездескен ең басты да жалғыз қиындық – ғаламтордағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі, ұлы Мұқағали ақын айтқандай, «шаң басқан архивтегі» боздақтардың аты-жөні соғыс кезіндегі ұлты басқа әскери бөлім штабы қызметкерлерінің кінәсінен дұрыс жазылмағандығы, деректерді сол бойынша қазіргі электрондық базаға сол қате күйінде құйғандығы. Мысалы, өз атамды базадан «Камидуллин Жумажан» деп дұрыс аты-жөнімен іздесең, табылмайды, тек базадағы қате құйылғанындай «Камидулеен Жумаша» деп жазсаң ғана шығады. Ал, орыстың аты-жөні әкесінің атымен қоса дұп-дұрыс құйылған, мысалы Иванов Петр Сергеевич деген сияқты. Амал жоқ, іздеп отырған бір адамыңның атын тоқсан түрлендіріп жазуға тура келеді, ал бұл көп уақытты алады әрі адамды шаршатып та жібереді. Бірақ, өзіңе сенім артып, әке не атасының, бауырының бір дерегін білгенінше байыз таппай күтетін үлкен-кіші ауылдастардың жайын ойлағанда шаршағаныңды, әлгі бір штаб қызметкерлерінің тірлігіне ренішіңді ұмытуға тура келеді. Бұндай сәттер басымнан көп өтті. 

 

- Шындығын айтсақ, жүздеген жауынгер жерлестеріміздің, яғни боздақтардың дерегі табылғанына сіздің аудандық газеттегі жарияланымдарыңыз арқылы қалың оқырман да хабардар болып келеді. Бұл істі әлі де жалғастыра бересіз бе?

- Соғыстың аяқталғанына 81 жыл болса да, қан майданнан оралмаған көптеген жерлестеріміз жөнінде әлі күнге дейін ешқандай дерек табылмауы, бір хабары шықпауы өкінішті-ақ. Соңғы төрт жылдан бері ғаламтордағы базаға жаңа деректердің құйылуы да күрт азайды. Себебі көзі қарақты оқырманға түсінікті деп ойлаймын. Новобогат ауданынан соғысқа аттанғанымен, не қаза тапқан боздақтардың тізімінде жоқ, не аман оралған жерлестеріміздің тізімінде жоқ бірқатар азаматтардың аты-жөнін газетке жариялағанмен, редакцияға да, маған да ешкімнен хабар келмеді. Олар қаза тапқандардың немесе аман оралғандар тізімінің біреуіне енгені дұрыс еді. Өкінішке қарай олардың ұрпақтары не жақын туыстары шықпады.

Өз басым күн сайын болмағанымен аптасына бір рет болса да уақыт тауып, компьютер алдында 1-2 сағат отырамын, бұйыртса алда да іздестіруімді жалғастыра беремін деп ойлаймын.

 

Рахмет, Ереке, игілікті ісіңізге береке бергей дейміз.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT