Талпыныс табысқа бастағанда

Суреттер автордікі

 

Өңдеуші және инновациялық салаларды жедел дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы бағытта жастардың жаңа бастамаларына қолдау көрсетуді мақсат еткен «Talaptan»  Исатай әлеуметтік жобасы ауыл жастарының тың идеяларын жүзеге асыруға жол ашып отыр. Аудан бойынша үш азамат грант иегері атанып, әрқайсысы 1 миллион теңгеден қаржылай қолдауға ие болған. Солардың бірі – аудан орталығындағы мектеп-гимназияның инженер-программисті әрі жаңадан  ашылған «Робототехника және цифрлық кабинетінің» жетекшісі Бағдат Победа.

Жоба аясында ашылған жаңа кабинет қазіргі заман талабына сай оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, робототехника бағытында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімінде лента қию құрметі аталған мектеп директоры Табила Исмагулова мен «B-elsendi» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шымановқа жолданды.

Олар да өз ақжарма тілектерін жаударып, сәттілік тіледі.Соның бірі қоғамдық қордың төрағасы жоба жеңімпаздарын тілге тиек етті.

 –Осы қайтарымсыз әлеуметтік жобаға барлығы 16 жоба ұсынылды. Соның ішінде ауданымыз бойынша үш адам грант иегері атанды. Солардың бірі – аққыстаулық Бағдат Победа болса, қалған екеуі Жанбай ауылының азаматтары, –дейді ол  ағынан жарылып.

 

 

Оның айтуынша, жанбайлық Қанат Әбділмажитов есімді мұғалім оқушылардан құралған «Shyraq» волонтерлік клуб құру жобасын ұсынған, ал тағы бір жеңімпаз – Ақмедияр Махмудаев футбол алаңына шағын жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында грантқа ие болған.

 – Ауыл азаматтарының белсенділігі қуантады. Міне, бүгінгі күні жаңадан ашылған кабинет алдағы уақытта заман талабына сай, мықты, білімді оқушылардың қалыптасуына үлес қосады деп сенемін. Жаңа заманға сәйкес сұранысқа сай жобаларды қолдау – басты мақсатымыз, – дейді Дулат Шыманов бізбен болған әңгімесінде.

Сол күнгі қуанышты сәтке куә болған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова да қатысып, осы бағыт бойынша қызығушылық танытатын оқушылар қатары көбейіп, толассыз жетістіктерге қол жеткізе беріңдер деген тілектестігін білдірді.

 

 

Ал жас маман, инженер-программисттің айтуынша, бұл жоба туралы ақпаратты әлеуметтік желіден біліп, өз өтінішін онлайн жолдаған. 

–Бұл жобаны инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көріп, өтініш жібердім. Өзім технология саласына жақын болғандықтан, ауылда көп мүмкіндік болмаған соң, осы жоба ойға келді. Міне, осылайша ойға келген идея іс жүзінде жүзеге асқанына қуаныштымын.Бір жағынан үнемі жас мамандарды қолпаштап, түрлі идеяларын ұсынып, қолдау білдіретін мектеп директоры Табила Игібайқызына да рахмет! Бұл тек бір адамның ғана қолынан келетін іс емес, бұның артында қаншама адамның еңбегі де бары жасырын емес.Шынымен, күннен күнге көз аштырмас жылдамдықпен заман қарыштап дамып келеді.Соның ішінде цифрлық дәуірге басымдық берілуде. Қазақта «Заманыңа қарай бөркіңді ки» дегендей, көштен қалыспай, жас ұрпақтардың цифрлық сауаттылығын арттыру –басты мақсатым,-дейді бізбен тілдескен жоба жеңімпазы.

Осылайша жастардың бастамаларына серпін беріп, ауылдық жерлерде инновациялық бағыттағы жобаларды дамытуға жол ашқан «Talaptan» әлеуметтік жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT