Тамырын таныған – тегін таниды

 

Қазақ үшін «тамыр» сөзінің өзі терең мағыналы, кең ұғымды. Тіршілік атаулының түп-төркіні де тамырдан бастау алады емес пе? Ағаштың тамыры көзге көрінбейді. Бірақ оның бар екенін жайқалған жапырағынан, көкке созылған бұтағынан, жемісінен танимыз. Халықтың да тамыры дәл сондай. Ол көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ оның бар екенін тілімізден, сөзімізден, салт-санамыздан, бір-бірімізге деген құрметімізден аңғарамыз. Бір әуен, бір сауал, бір жауап, бір сезім – бәрі-бәрі бізді өз тамырымызға жетелейді. Тамырын таныған адам – өзін таниды. Өзін таныған адам – бағытын біледі. Ал бағытын білген ұрпақтың болашағы бар. Осы орайда жақында облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен,  «Жарқын ЖанҰя» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  «Тамыр» тақырыбы аясында рухани стендап өтті. 

 

 

Еркін форматта өрбіген тағылымды кездесуде халық ауыз әдебиетін дәріптеп, әке рухы мен ұрпақ сабақтастығын насихаттап жүрген Нұрбол Маратұлы, ұлттық өнерді дәріптеп, терме мен домбыраның үнін жас ұрпаққа жеткізіп жүрген жас ұстаз Әділет Сүйінғалиұлы, ауданымыздың  белсенді жасы, ороторлық өнерді дамытып жүрген  Думан Бауыржанұлы туған жер, ұлттық болмыс, рухани құндылық, адамдық қасиет пен бүгінгі қоғамның тынысы сөз болды. Бұған дейін де аты аталған спикерлеріміз Атырау қаласында кездесу өткізіп, енді сол жұмыстардың жалғасын аудандарға жасаған іссапарларымен жалғастыруда.Бірінші болып қойнауы құтты мекен - Қызылқоға ауданында табан тіреген олар екінші кезекте Нарын құмын бойлаған Исатай ауданына келді. Бір қызығы, үш спикеріміз де біздің ауданның тумасы.

 

 

Алғашқы болып тағылымды кеште сөз алған жерлесіміз Думан Бауыржанұлы жастар арасында әлеуметтік желі арқылы қалыптасып отырған «30 жасқа дейін бәріне үлгеру керек» деген түсінікке тоқталды.

– Қазір әлеуметтік желіге кірсеңіз, біреудің үй алғанын, көлік мінгенін, кәсібін дөңгелетіп отырғанын көресіз. Содан кейін өз өміріңді сонымен салыстырып, «мен неге үлгермедім?» деп өзіңді кінәлай бастайсың. Бірақ адамның жетістігін тек үйі мен көлігіне қарап бағалауға болмайды. Материалдық мақсатқа жеткен адамның өзі күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан мақсаттың болғаны ғана емес, оның артында қандай құндылық тұрғаны маңызды.  Адамға бір нәрсені бастау үшін мықты энергия керек. Ал сол энергияны оятатын нәрсе – өмірге деген құштарлық. Өзіңе «мен әлі үлгеремін» деп мүмкіндік беруің керек. «Отыздан асып кеттім, енді бәрі кеш» деген түсінікке қамалудың қажеті жоқ. Қай жаста болмасын қайта бастауға, жаңа мақсат қоюға болады. Оған адамның жасы емес, өзінің ішкі сенімі кедергі болуы мүмкін, – деген ол адамның кейде әрекет етуге ерінуінің себебін де ішкі қуатпен байланыстырды.

 

 

Иә, бұл спикердің айтпақ болған ойы да, сөзі де бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында белең алған құбылысты дәл сипаттайды. Шынымен де әлеуметтік желіден адамның ішкі жан дүниесіне үңілмей, көбіне оның сыртқы жылтыраған дүниесіне қызығамыз. Өз өмірімізді өзгелермен салыстырып, кейде барымыздың қадірін түсіріп аламыз. Тіпті кейде өзімізге қонған бақыт құсын бағаламай қалуымызға да осындай арзан дүниелерді үздіксіз тамашалау себеп болатын шығар деп ойлаймыз.

Келесі кезекте терме өнерінің насихаттаушысы Әділет Сүйінғалиұлы сөз алып, ауыл тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығына тоқталды.

– Қазақтың ауылын ауыл етіп ұстап тұрған – оның қарапайымдылығы мен кеңпейілділігі. Ауылда бір-бірінің жағдайын сұрап, қуанышына ортақтасып, қиындықта қолдау көрсету деген бар. Бұл – бізге атадан балаға беріліп келе жатқан тәрбие. Менің атамның «Ауылда тазалық бар, кеңпейілділік , қарапайымдылық бар» деген сөзі есімде. Осы сөздің өзінде ауылдың тұтас болмысы жатыр деп ойлаймын. Ал осы тәрбиелікте  қазақтың ұлттық өнері мен болмысы бір-бірімен сабақтасып жатыр. Соның ішінде терме – жай ғана ән емес. Оның әр жолында ақыл, өнеге, тәрбие бар. Бұрынғы жыраулар мен термешілер елдің сөзін сөйлеп, халыққа жөн сілтеген. Сондықтан біз термені дәріптеу арқылы ұлттық дүниетанымды да дәріптейміз. Ауылдың қарапайым тіршілігі, үлкеннің батасы, қарияның сөзі, ананың тәрбиесі – мұның бәрі біздің рухани тамырымыз, – деді өнер жанашыры.

 

 

Кейіпкеріміздің айтпағы да – нағыз шынайылық, жомарттық пен кең пейілдің ауылдың аңқылдаған адамдарының бойынан табылатындығы. Осы ой көрерменге ерекше әсер етті. «Ұят болады», «қолғабыс ету керек», «бір-біріне көмектесу керек» деген қарапайым қағидалардың өзінде үлкен тәрбие мен терең мән жатыр. Тіпті амандасудың өзі - тұнып тұрған философия. Осындай қарапайым көріністер арқылы ауыл адамдарының адамгершілігі мен болмысы шынайы әрі жүрекке жылы жеткізілген. 

 

 

Ал одан кейін сахна төріне халық ауыз әдебиетін дәріптеп, ұлттық мұраны насихаттап жүрген Нұрбол Маратұлы шығып, қазақтың тектілік ұғымы туралы сөз қозғады.

– Бұрын кісі өлтіру, тонау, зорлау секілді түрлі қылмыстар болған, қазір де бар, болашақта да болуы мүмкін. Бұл – ашық әрі анық қылмыс. Алайда қоғамда тағы бір қылмыс бар. Ол – ел алдында жүрген, қоғамның бет-бейнесіне айналған, экраннан көрінетін адамдардың арсыздыққа біртіндеп бой алдыруы. Себебі қоғам, яки қара халық, экраннан көргенін қалыпты нәрсе ретінде қабылдап, осылай болуы керек деген түсінікке үйренеді. Сондықтан бүгінгі рухани кешімізді өткізудегі мақсатымыз – өз руханиятымызға қайта оралу, халық ауыз әдебиетін қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау. Жалпы әңгемнің арқауы тектілік жөнінде болмақ. Ал тектілік дегенді тек ата-бабаңның кім болғанымен өлшеуге болмайды. Тектілік – адамның бойындағы тәрбие, мінез, сөз бен ісінен көрінеді. Қазақта «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген сөз бар. Бұл – ананың тәрбиесіне үлкен мән берген халық екеніміздің бір дәлелі. Алтын құрсақты аналарымыз бір әулетті ғана емес, тұтас ұрпақты тәрбиеледі. Бұрын үлкендердің әңгімесін тыңдап өстік. Қариялар бір ауыз сөзбен-ақ баланың санасына ой сіңіретін. Ертегі, аңыз, жыр, терме – бәрінің астарында тәрбие жатыр. Қазір сол мұраны кейінгі буынға жеткізуіміз керек. Өйткені халықтың жады жоғалмаса, оның тамыры да үзілмейді. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білген ұрпақтың болашағы да берік болады, – деген ойын жеткізді.

 

 

Сол кештің ортасында сөз алған ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Адайбек Есекеш мазмұнды кештің маңызы зор екенін атап өтіп, алайда залда жастардың аз болғанына көңілі толмағанын ашық жеткізді.

- Айтылып жатқан әңгімелердің адамға ой саларлық, көңілге түйерлік тұсы көп болды. Тек әттеген-айы - залда халықтың аздығы. Соның ішінде жастардың осы жерден табылып, тәлім мен тәрбиеге толы әңгімелерді тыңдағаны жақсы болар еді-ау деген ой мазалап отыр. Қазақта «Қария тыңдалмаса, жастар шыңдалмайды» деген сөз бар. Біздің халық ауыз әдебиеті арқылы дамып, рухани нәр алып, өркендеген халықпыз. Бүгінгі кештің атауына айналған «Тамыр» деген сөздің мәні де көпшілікке түсінікті ғой. Не нәрсенің де тамыры бар. Адам ағзасындағы бүкіл болмысымызға жан бітіріп тұрған жүректен шыққан қан тамырлар арқылы тұла бойымызға тарайды. Сол секілді табиғаттағы тіршіліктің де өз тамыры бар. Тырнақтай ғана дәнді қара жерге көмсеңіз, одан бірнеше метрге дейін бойлайтын алып ағаш өсіп шығуы мүмкін. Ал «Тамыр» атты стендап кешінің айтпағы - адамзат бойындағы рух, қайсарлық, ақыл-пайым мен ізгі қасиеттердің де ұрпақтан ұрпаққа тамыр арқылы жалғасып отыратынында. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осы рухани сабақтастық бізді біртұтас ел етеді, - деді ол өз сөзінде.

 

 

Осылайша «Тамыр» атауының өзі кештің мазмұнымен үндес. Өйткені ұлттың болмысын тану – оның тамырына үңілуден басталады. Ал сол тамырды үзбей, кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі жауапты міндет.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ,
Суреттер автордікі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT