Дархан даланың төсінде тұлпарына ер салып, елінің ертеңі мен ұлтының азаттығы үшін атқа қонған асыл ерлер аз емес. Сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, халқының азаттық аңсарын арқалап, елдік мұрат жолында күрескен талай тұлғаның тағдырлы жолына куә боламыз. Солардың қатарында есімі ел жадында мәңгі сақталған, азаттық жолындағы ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған Исатай Тайманұлының орны айрықша. Биыл халқымыздың біртуар батыры Исатай Тайманұлының туғанына 235 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Исатай ауданының бір топ делегациясы батыр баба рухына тағзым етіп, тарихи тұлғаның мәңгілік мекені – Ақтөбе облысының Қобда ауданына арнайы сапармен барды. Бұл сапар өткенді ұлықтап, тарихи жадыны жаңғыртқан тағылымды жол болды
Делегация құрамында аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, мемлекеттік қызметтің ардагерлері, өлкетанушылар Мәди Өтеғалиев пен Мүтиғолла Насиханов, сондай-ақ Махамбет Өтемісұлының ұрпағы, елге танымал дәстүрлі әнші, күйші Манарбек Дәулетов және ауданымыздың өнері мен мәдениеті саласының бірқатар қызметкерлері болды.
Ауданымыздан арнайы аттанған делегацияны Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев бастаған атқа мінерлер құрметпен қарсы алып, сапардың алғашқы бағытын қазақ тарихында өшпес із қалдырған Исатай Тайманұлының мәңгілік мекені – Қилы өзенінің бойындағы Шейітсай қауымына бұрды. Шейітсайға табан тіреген сәтте өткен тарихтың салмағы сезіліп, ел үшін еңіреп өткен ерлердің рухы еске оралғандай әсер қалдырды. Делегация мүшелері осында жерленген Исатай Тайманұлының басына барып, батыр рухына тағзым етті.

Сапар барысында 2013 жылы Исатай ауданының еңбеккерлері мен кәсіпкерлерінің демеушілігімен бой көтерген Исатай батыр кесенесі арнайы таныстырылды. Елдің азаттығы мен жердің тұтастығы жолында атқа қонған тарихи тұлғаның есімін ұлықтаған бұл кесене – кейінгі ұрпаққа тағзым мен тағылымды қатар жеткізетін қасиетті орындардың бірі.

Кешеннің бой көтеруіне сол жылдары айрықша үлес қосқан «Ембімұнайгаз» АҚ-Өндірістік-техникалық қамту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Ожаев, белгілі ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Киікбай Жаулин делегация мүшелеріне кесененің салыну тарихы мен ерекшеліктерін баяндап, оның тұрғызылуына атсалысқан азаматтардың еңбегін, елдік бастаманың қалай жүзеге асқанын әңгімелеп берді.

- Шейітсайдағы кешеннің құрылысын бастауға бұған дейін де бірнеше рет талпыныс жасалған еді. Исатай ауданына әкім болып тағайындалған кезімде, батыр бабаның дүниеден өткеніне 176 жыл өтсе де, басына еңселі ескерткіш-кесененің тұрғызылмай келе жатқаны елдің де, ұрпағының да көңілінде қаяу болып жүргенін жақсы білдім. Атырау мемлекеттік университетінің белгілі ғалымы Хисмет Табылдиев бастаған 18 тарихшының қатысуымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның шешімі негізінде, сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің келісімімен «Нарын таңы» газетінде Исатай батырдың болмысын айшықтайтын кесене жобасына конкурс жарияланды. Маңғыстаудың тас шеберлері ұсынған бірнеше жоба жұртшылық талқысына ұсынылып, аудандық комиссияның қорытындысымен нақты жоба бекітілді. 2013 жылы Қобда ауданының әкімі Асқар Қазиханұлымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып, исатайлық ардагерлердің Қобдаға сапары ұйымдастырылды. Аққыстауда өткен кездесулер нәтижесінде «Исатай батыр» аудандық қоры құрылып, ел азаматтарының бір күндік еңбекақысы мен ерікті жарналары есебінен қаржы жиналды. Осы қаржыға 2014 жылы Маңғыстаудан жеткізілген 52 дана тастан биіктігі 11,5 метр болатын Исатай Тайманұлының кесенесі тұрғызылды. Кейін 2017 жылы Атырау қаласында ашылған «Исатай батыр» қорының қолдауымен кешен құрылысына тағы 43 тас жеткізіліп, тарихи-танымдық кешен 2021 жылдың күзінде толық аяқталды. Кешен жобасын әзірлеуде Исатай батырдың асқақ рухы мен азаттық жолындағы арман-мұратына, сондай-ақ оның қасында болған сардар батырлардың ерлігін ұлықтауға басымдық берілді,- дейді Нұрлыбек Жұмахметұлы.

Өлкетанушылар кесенеге неліктен 8 бұрыш қойылғаны жөнінде де түсінік берді. Олардың айтуынша, кесенеге жоғарыдан қарағанда, оның тұтас пішіні құлыптың кілтіне ұқсайды. Бұл – Исатай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің отарлық бұғаудан арылып, елдің азаттығы мен тәуелсіздігіне «жол ашу» идеясын білдіреді. Ал сегіз бұрыш – мәңгіліктің символы. Ол халқымыздың тәуелсіздігі мен батыр бабаның асқақ рухы мен ерлігінің мәңгі жасайтынын меңзейді. Сегіз қырдың бойына батырды қолдаған сардарларға арналған биіктігі 3,20 метрлік монумент-белгілер орнатылған. Исатай батырдың алдының ашық болуы – оның қолбасшылық тұлғасын айқындаса, сардар батырларды жалғаған монолитті лента олардың азаттық жолындағы бірлігі мен ынтымағын білдіреді.

Кесененің есігі мен терезесіндегі Самарқан сәулет стиліне тән күрделі геометриялық өрнектер шексіздікті меңзесе, күміс түсті нақыш батырдың тектілігі мен еліне адалдығын бейнелейді. Қазіргі таңда мәдени-рухани құндылықтар мен отансүйгіштік рухты дәріптейтін кесене жанынан арнайы ғимарат бой көтеріп, үлкен мұражайға айналып келеді. Тарихи жәдігерлер мен тағылымды деректер тоғысқан бұл рухани орда келешекте келушілерге Исатай батырдың өмірі мен ерлігін кеңінен таныстыратын маңызды мәдени орын болмақ. Осы игілікті бастаманың алғашқы куәгерлері әрі алғашқы қонақтары болу бақыты исатайлықтарға бұйырды. Тарихтың тағылымды сырларына қанық болған делегация батыр баба жатқан қасиетті мекенде арнайы құрбан шалып, Шейітсай қауымында мәңгілік тыныстаған марқұмдардың рухына құран бағыштап, дұға жасады.

Одан кейінгі сапар Қобда ауданының орталығы – Қобда ауылында жалғасты. Исатайлық делегацияны жергілікті басшылар жылы қарсы алып, өзара сыйластықты білдіретін естелік сыйлықтар табысталды. Сапардың соңғы нүктесі Қобда аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрған делегация мүшелері мұндағы құнды жәдігерлермен танысып, өңірдің өткенінен сыр шертетін тарихи деректерге қанықты. Музейдегі әрбір жәдігер қос ауданның ғана емес, тұтас ел тарихының тағылымды беттерін қайта жаңғыртқандей әсер қалдырды. Музейге келген исатайлықтардың атынан өлкетанушылар да өздерінің құнды дүниелерін тарту етті. Атап айтқанда, Мәди Өтеғалиев Нарын ауылдық округі аумағында жатқан Исатай батырдың әкесі Тайман Бегәліұлының бейітінің фотосуретін және «Атырау оқулары – 2026» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жасаған «Халық батыры Исатай Тайманұлының кесенесінің тарихы туралы» баяндамасының көшірмесін музей қорына табыстады. Ал өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов өткен жылы жарық көрген өлкетану тақырыбындағы кітабын сыйға тартты.

Иә, тағылымды сапар тарихы тамырлас қос өңірдің арасындағы рухани байланысты бекемдей түсті. Исатай баба рухына тағзым еткен исатайлықтар үшін бұл сапар – өткенді ұлықтап қана қоймай, елдік рух пен ұрпақ сабақтастығын жаңғыртқан мәні зор кездесу болды. Батырдың есімі мен ерлік өнегесі ел жадында мәңгі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар болатыны сөзсіз.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН


