Елтаңба — елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі, неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасында айтылады. Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Басқаша айтқанда, елтаңба тарихы — бұл мемлекеттің тарихы.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің Елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады. Айталық, ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден «тамға» аталатын тотем белгісі арқылы бөлініп тұрған. Тамға - ерекше белгі, қасиетті рәміз, мөр дегенді білдіреді. Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілсе, сол әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк Туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Елтаңбаға «Алтын адамның» бас киіміндегі екі жаққа қараған мүйізді қанатты пырақты аттар негіз етіп алынды. Әшекейінің рәмізі болғаны туралы болжамдар айтылса, біздің заманымызға дейінгі IV–III ғғасырларда өмір сүрген көшпелілер көсемі обасынан табылған Берелдің мүйізді пырақтары, өзінің табиғи құдіретімен барлық болжамдарға нүкте қойды» деп жазды тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған.
Ғалымның жазуынша, тарихы ұқсас елдердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде табынатын жануарлардың, яғни грифондар мен бүркіттің, жолбарыстың немесе көшпелі түркі халқының сенімді серігі жылқының бейнелері көрініс береді.
Міне, осындай тотемдік нышандар, әсіресе, Көк бөріге қатысты әңгімелерде үйсін, түркі-моңғол аңыздарында көп кездеседі. Қасқырдың тотемдік рөлінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше. Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына Көк Бөрі бейнеленетін болған. XIX ғасырдағы белгілі қазақ ақыны Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым…» деп жырлайтыны сондықтан. Қазақ халқы қашанда Көк бөріні батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде көрсеткен. Ту туралы сөз қозғағанда ғалым оның бес мың жылдық тарихы барына тоқталыпты. Туларда құстардың, аңдардың, құдайлардың бейнелері салынғанын айтады ол. Зерттеушілер байырғы көне ту Иран жерінен табылған дейді. Қазақтың Көк Байрағының тарихы Түрік қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі - ежелден белгілі ғарыштық нышан, тіршіліктің негізін, жарық сәулесін білдереді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және т.б. тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер Көк аспанға, Күнге, Ауаға, Жерге табынған. Сондықтан тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын, аңғартады. Тудағы бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде белгілі, сондықтан бұл геральдикалық нышан әлемдегі мемлекеттердің көптеген таңбалары мен мемлекеттік эмблемаларында көрініс тапқан.
Еліміздің рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз төл тарихымызда екі рет – 1992 және 2006 жылдары қабылданған. Алғашқы әнұранның сөзін ақындар Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. 2006 жылғы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған, яғни әнұранымыз да тарихтан тамыр тартып жатыр. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жастарымызбен жаңғырды. Кейін аталған ән сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіліп, бірлескен авторлардың қатары толыққан.
Тарихтан осылайша тін тартқан елдік нышандарымыз ешуақытта тұғырынан түспей, уақыт көшіндегі мезгіл мінбелерінде мәңгі жасай берсін!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


