«Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамасын нақты іспен сабақтастырып, елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне ғана емес, инфрақұрылымының жаңаруына да басымдық беріп отырған ауылдар бар. Солардың бірі – Қамысқала ауылдық округі. Ауылдың инфрақұрылымын заман талабына сай жаңғыртып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында маңызды жоба қолға алынды. Атап айтқанда, елді мекеннің бірқатар орталық көшесінде газ желілерін ағымдағы жөндеу және қайта құру жұмыстары басталды.
Қазір У.Сапарғалиев, Жамбыл, А.Жұбанов және Қ.Хисин көшелерінің бойында құрылыс-жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Көшелердегі қазба жұмыстары сырт көзге ауқымды құрылыс көрінісін елестеткенімен, оның түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрмыс жайлылығын арттыру.
Сала мамандарының айтуынша, жоба аясында көшелер бойында ашық орналасқан газ құбырларын жер астына көшіру көзделген. Бұл – ең алдымен қауіпсіздік талаптарын күшейтетін маңызды қадам. Газ желілерін жер астына орналастыру ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, көше бойындағы қозғалысты да жеңілдетеді. Әсіресе ауыл ішіне ірі техникалардың кедергісіз қатынауына жағдай жасалады.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Қамысқаланың көшелері де көріктене түспек. Яғни жоба қауіпсіздік мәселесін шешумен қатар, елді мекеннің сәулеттік-эстетикалық келбетіне де оң әсерін тигізеді.
Ауқымды жұмыс 14 тамызда басталған. Нысандардың нақты қашан пайдалануға берілетіні әзірге белгісіз. Өйткені басты талап – жұмысты асығыс аяқтау емес, оны сапалы әрі технологиялық талаптарға сай орындау. Мердігер мекемелер мен жауапты мамандар құрылыс барысын кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр.
Ауылдың ажары мен әлеуетін қатар арттыратын мұндай жобалар – елді мекеннің ертеңіне салынған инвестиция. Газ желілерінің жаңғыртылуы аяқталған соң, Қамысқала тұрғындары қауіпсіздігі жоғары, талапқа сай инфрақұрылымның игілігін көрмек.
Өйткені ауылдың өркендеуі ең алдымен осындай көзге көрінетін, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты істерден басталады.



