Елімізде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – жаһандық деңгейде өзекті болып отырған экологиялық мәселелердің алдын алуға, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған маңызды қадам. Осы ретте қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық тұжырымдамасы – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның әрбір мүшесінің табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды көздейтін ауқымды бастама. Аталған тұжырымдама аясында еліміздің барлық өңірлерінде нақты іс-шаралар жүргізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың, жастардың, еріктілердің және кәсіпкерлік нысандардың белсенді қатысуымен ерекшеленеді. Ортақ іске жұмылған көпшілік табиғатты қорғау ісінің маңыздылығын терең түсініп, нақты әрекетке көшуде. Осы игі бастама аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды әрі жүйелі сипатқа ие.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің мәліметінше, бекітілген медиа-жоспар аясында 52 іс-шара жоспарланып, оның басым бөлігі нақты нәтижемен аяқталған. Бұл – жоспар мен орындалу арасындағы алшақтықтың жоқтығын, керісінше, үйлесімді жұмыс барысын аңғартады. Былтырғы жылы отырғызылған 10 мыңнан астам түп ағаш көшеті – жай ғана сан емес, межеден екі еседен астам асқан нақты көрсеткіш. Мұндай қарқын көгалдандыру ісінің формалды сипаттан арылып, шынайы іске айналғанын көрсетеді. Әсіресе жұмыстардың бірнеше қаржыландыру көзі арқылы жүргізілуі бастаманың өміршеңдігін арттырып отыр. Облыстық бюджет есебінен егілген 6250 көшет пен демеушілердің үлесі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді үлгісі. Мәселен «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен Аққыстау ауылында 4,5 гектар жерге 4150 көшеттің отырғызылуы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нақты іспен дәлелдеген мысал. Ал Нарын ауылдық округінде жергілікті бюджет есебінен егілген 3000 түп ағаш жергілікті деңгейдегі бастамалардың да белсенді екенін айғақтайды. Дегенмен көгалдандыру көрсеткіштерін санмен ғана өлшеу жеткіліксіз. Алдағы 7000 көшетті отырғызу жоспары да маңызды, бірақ олардың күтімі, жерсінуі және ұзақ мерзімді нәтижесі басты назарда болуы тиіс. Бұл ретте Нұрберген Мұратұлы атап өткендей, экологиялық мәдениет тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ол – қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуді, тұрақты күтім мен жауапкершілікті талап ететін кешенді ұғым.
Аудан көлеміндегі экологиялық саясат бүгінде тек ағаш отырғызумен шектелмей, мазмұндық әрі мәдени деңгейге көтеріліп отыр. Бұл – бір қарағанда көзге көрінбейтін, бірақ қоғам санасына тікелей әсер ететін ақпараттық жұмыстың нәтижесі. Аудан әкімінің орынбасары экологиялық бағыттағы ақпараттандыру жүйелі жолға қойылғанын да атап өтті. Бүгінде аудан аумағында орнатылған 15 LED экран мен 38 баннер жай ғана көрнекілік құрал болып тұрған жоқ, қоғамдық ойды қалыптастыратын маңызды тетікке айналған. Онда үздіксіз жарияланып жатқан экологиялық мазмұндағы ақпараттар тұрғындардың күнделікті өміріне еніп, тазалық мәдениетін қалыптастыруға қызмет етуде. Ал әлеуметтік желілердегі инфографикалар мен бейнематериалдар, әсіресе, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруда өз нәтижесін беріп келеді.
Дегенмен ақпарат әрекетке ұласқанда ғана құнды. Бұл тұрғыда «Таза аула», «Үздік көше» сынды байқаулар-дың ұйымдастырылуы – тұрғындарды ынталандырудың тиімді тәсілі. Марапат пен мойындау арқылы қалыптасқан бәсекелестік орта әр аумақтың келбетін жақсартуға серпін беріп отыр. Бұл әкімдік пен халық арасындағы байланыс біржақты емес, өзара жауапкершілікке құрылғанын аңғартады. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы тағы бір маңызды бағыт – ескі, тозығы жеткен нысандардан арылу. Себебі экологиялық мәдениет тек көгалдандырумен емес, кеңістікті тазарту, оны жаңарту арқылы да көрініс табады. Мәселен, Тұщықұдық ауылындағы жекеменшік ескі моншаның иесі өз бастамасымен ғимаратты сүріп, ауыл келбетінің жақсаруына үлес қосты. Бұл – сырттан қысым емес, ішкі жауапкершіліктің нәтижесі. Өткен жылы 17 жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі де осы үдерісті жеделдетті. Соның нәтижесінде апатты жағдайдағы екі қатарлы үй толықтай бұзылып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға жол ашылды. Бұдан бөлек, әкімшілік теңгеріміндегі бірқатар нысандардың сүрілуі және ескі әкімшілік ғимаратын бұзу жоспары – ауданның келбетін жаңартуға бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.
Алайда мәселенің түйіні тек инфрақұрылым мен жоспарларда емес. Тазалық – ең алдымен санада қалыптасатын құндылық. Бүгінде сенбіліктерде көбіне мекеме қызметкерлерінің белсенділігі байқалады да, қарапайым тұрғындардың қатысуы кейде тасада қалып жатады. Бұл – қоғамдағы ортақ жауапкершілік мәдениетінің әлі де толық орнықпағанын көрсетеді. Шын мәнінде, тазалық үлкен бастамалардан емес, ұсақ әрекеттерден басталады. Көше бойында жатқан бір қоқысты көтеріп, жәшікке салу – қарапайым көрінгенімен, үлкен мәдениеттің белгісі. Егер әр тұрғын өз ауласына, өз көшесіне жанашырлықпен қараса, онда кез келген бағдарлама мен тұжырымдама өз нәтижесін береді. Себебі туған жердің тазалығы – сырттан келетін көмектің емес, ішкі ниеттің көрінісі. Ал сол ниет оянғанда ғана көгалдандыру да, абаттандыру да, жаңғырту да шынайы мәнге ие болады. Өйткені туған жерімізді көгалдандырып, оны таза ұстау – өз қолымызда. Сырттан келіп біреу біздің орнымызға жанашырлық танытады деу – бос үміт.
-Жалпы ауданымызда ақпараттық түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Былтырғы жылы әртүрлі іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен сенбіліктер, экомарафондар, зияткерлік ойындар, қайырымдылық акциялары мен әлеуметтік эксперименттер өткізілді. Мәселен Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған экомарафон аудан жастарының салауатты өмір салты мен табиғатқа деген жауапкершілігін ұштастырса, «Qazaq quiz» интеллектуалды ойыны жастардың білімін арттыруға бағытталды. Ал «6 пластикалық бөтелке – 1 балмұздақ» акциясы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып, нәтижесінде 5000-нан астам пластикалық қалдық жиналды. Аудан тұрғындарының белсенділігі сенбіліктерде де айқын көрініс табуда. Өткен жылы өткізілген 30-ға жуық сенбілікке 6500-ден астам адам қатысып, 320 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұл – бірліктің, ортақ жауапкершіліктің айғағы. Биыл да бұл сенбілік жұмыстарды ертерек қолға алып, ақпан айында бастап кеттік. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» республикалық тұжырымдамасының жоспары жаңартылып, тек қана қоқыс жинау мен түп ағаштарын егумен шектелмей, түрлі креативті идеялар арқылы қоршаған ортаны таза ұстауға деген идеологияны қалыптастыруды қолға алдық, – дейді Нұрберген Мұратұлы.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


