Ауданның ажарын ашып, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуда көгалдандыру жұмыстарының маңызы зор. Соңғы жылдары Исатай ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, белгіленген жоспар көлемі де жыл сайын артып келеді. Бүгінде ауыл-аймақтарда жасыл желек санын көбейту, қоршаған ортаны абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, 2025 жылы облыстық бюджеттен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында ауданға 6 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспары бекітілген. Алайда аудан бұл межемен шектелмей, жоспарды бірнеше есеге асыра орындаған.
– 2025 жылы аудан бойынша 6 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған болатын. Жоспардан асып, жыл қорытындысында 15 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл – көгалдандыруға деген жұмыстың қарқыны артып келе жатқанын көрсетеді. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – дейді Нұрбол Жампейсов.

Жасыл желек отырғызу – бір күндік науқан емес. Оның нәтижесі көшетті жерге отырғызумен ғана өлшенбейді. Өсімдіктің жерсінуі, суарылуы, күтіп-бапталуы және сақталуы да маңызды. Сондықтан ауданда көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, отырғызылған көшеттердің жайқалып өсуіне жағдай жасауға басымдық берілуде.
Биыл аудан бойынша 7 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 5 мыңға жуығы егілген. Жұмыстарды жыл соңына дейін, яғни қараша айына дейін толық аяқтау көзделіп отыр. Бұл жоспар орындалған жағдайда ауданның елді мекендеріндегі жасыл аумақтар одан әрі кеңейе түспек.

Көгалдандырудың көзге көрінетін нәтижесі – көшелердің көркейіп, қоғамдық орындардың ажарлануы болса, оның табиғи маңызы бұдан да терең. Жасыл желек шаң-тозаңды азайтып, ауаны тазартуға ықпал етеді, жазғы ыстықта саялы орын қалыптастырады. Әсіресе табиғи климаты құрғақ әрі желді өңірлер үшін ағаш пен бұтаның әрқайсысының орны ерекше.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстардың мәні де осында. Тазалық пен абаттандыруды бір реттік шара ретінде емес, күнделікті мәдениетке айналдыру – ортақ міндет. Ал отырғызылған әрбір көшет – бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың игілігіне бағытталған жұмыс.

Бүгінде аудан көлемінде көгалдандыру жобасы кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Алдағы уақытта да жасыл желек көлемін арттыру, елді мекендерді абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді көркейту бағытындағы жұмыстар қарқын ала бермек.
Е.ЗИНЕДЕНОВ


