«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауданымызда санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында Исатай ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 10 маусымдағы №118 қаулысына сәйкес «Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.
Кәсіпорын 2025 жылдың 26 маусымында мемлекеттік тіркеуден өтіп, биыл өз жұмысын бастады. Бүгінде Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай, Нарын, Исатай және Зинеден ауылдық округтерімен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу жөнінде келісім шарттар жасалды. Сонымен қатар ауданның барлық жеті ауылдық округімен қыс мезгілінде жолдар мен қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау бағытында келісімдер бекітілді. Оның аясында қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу үшін инертті материалдар төсеу және ағынды суларды сорғызу жұмыстары жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда кәсіпорын ауданның санитарлық тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Ауылдық округтердің теңгеріміне 17 арнайы техника беріліп, елді мекендердегі жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына жағдай жасалды. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары да жалғасады.
2026 жылға облыстық бюджеттен арнайы техникалар сатып алуға қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу порталында тиісті конкурс жарияланды. Оның ішінде автогрейдер, манипулятор, JCB тиегіші, қоқыс тасымалдайтын арнайы көлік, коммуналдық жол күтіп ұстау техникалары секілді заманауи құралдар бар. Бүгінде «Таза Исатай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында 26-ға жуық қызметкер еңбек етеді.
Қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Азамат РАХЫМЖАНҰЛЫ,
«Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысы


