Каспийдің толқыны тынбайды. Оның жағасында тіршілік еткен халықтың да тынысы сол теңізбен бірге соғады. Жанбай мен Зинеден сынды ауылдар үшін Каспий теңізі – атакәсіптің алтын арқауы, талай шаңырақтың берекесі десек артық болмас. Таңсәріден теңізге бет алған балықшының бейнеті – бұл өңірдің ғасырлар бойы үзілмеген тіршілік ырғағы. Алайда табиғаттың берген несібесін бейберекет пайдалану болашаққа жасалған қиянат екенін де естен шығармаған жөн.

Балық бар жерде заңсыз аулау, яғни браконьерлік тәуекелі де қатар жүреді. Жеңіл олжаға ұмтылғандар теңіздің табиғи тепе-теңдігін бұзып қана қоймай, келер ұрпақтың үлесіне тиесілі ырыздыққа қол сұғуда. Бұл, әрине, тек экологияға емес, заң мен тәртіпке де төнген қатер. Осы орайда құқық қорғау органдарының да жұмысы күшейе түскен. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, Каспий жағалауында браконьерлікпен күрес – негізгі басым бағыттардың бірі. «Бекіре – 2025» жедел профилактикалық іс-шарасы көктемгі және күзгі кезеңдерде өткізіліп, нәтижесінде 2 қылмыстық іс тіркеліп, 17 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз ауланған 127 килограмм балық, оның ішінде 123 килограмм 400 грамм бекіре тұқымдас балық тәркіленген. Сонымен қатар заңсыз ау құралдары алынған, құқық бұзушыларға тиісті айыппұлдар салынған. Табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тек жазалау емес, алдын алу шаралары да назардан тыс қалмаған. Тұрғындарға табиғатты қорғау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, басқа да құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлескен іс-қимыл жолға қойылған. Заманауи бақылау құралдарын пайдалану заңсыз әрекеттердің жолын кесуде тиімділікті арттырып отыр. Осындай жауапты кезеңде Каспий айдынын қорғап, балық қорын сақтауда Теңіз балық инспекциясының рөлі ерекше. Заң мен тәртіпті ту еткен сала мамандары күндіз-түні су айдындарын бақылап, табиғатқа жасалған әрбір қиянатпен күресуде. Осы орайда біз Теңіз балық инспекциясы бөлімінің басшысы Каштенбай Мерей Тлекұлына телефон арқылы арнайы хабарласып, өңірдегі ахуал, браконьерлікпен күрес барысы және балық шаруашылығының бүгіні мен болашағы туралы сұхбаттасқан едік.

– Қайырлы күн, Мерей Тлекұлы! Исатай ауданына қарасты Каспий теңізі жағалауында балық аулауға қатысты заң талаптары мен шектеулер қандай? Жалпы тұрғындар мен әуесқой балықшылар нені білуі керек?
– Сәлеметсіз бе! Бұл мәселе өте өзекті және табиғатты қорғау тұрғысынан ерекше бақылауда тұрған бағыттардың бірі. Каспий теңізінің солтүстік бөлігі – экологиялық тұрғыдан аса маңызды аймақ. Мұнда сирек кездесетін балық түрлері, су құстары және өзге де биоалуантүрлілік шоғырланған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» №195 Заңы және 2017 жылғы 26 қыркүйектегі №593 қаулысы негізінде аталған аумақ республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына енгізілген. Соның нәтижесінде Каспий теңізінің солтүстік акваториясында, оның ішінде Исатай ауданына қарасты жағалау бөліктерінде кез келген көктемгі және күзгі кәсіпшілік балық аулау кезеңдерінен басқа мақсаттағы балық аулауға (өнеркәсіптік, әуесқой, спорттық) толық тыйым салынған; су жануарларын аулау, олардың тіршілік ету ортасын бұзу, уылдырық шашу кезеңіне кедергі келтіру әрекеттеріне жол берілмейді; рұқсатсыз ау құралдарын қолдану ғана емес, оларды су айдындарында немесе оған жақын жерлерде алып жүрудің өзі құқық бұзушылық болып есептелуі мүмкін.

Бұл шектеулердің басты мақсаты – теңіздегі балық қорының азаюына жол бермеу, сирек және жойылып кету қаупі бар түрлерді сақтау, сондай-ақ табиғи экожүйенің тепе-теңдігін бұзбау. Әсіресе соңғы жылдары Каспийдегі балық ресурстарының азаюы алаңдаушылық туғызып отырғаны белгілі, сондықтан мұндай қатаң шаралар уақыт талабы болып отыр. Сонымен қатар заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, заңсыз балық аулаған жағдайда айыппұл салынып қана қоймай, келтірілген экологиялық залал өтеледі, ал кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізілуі мүмкін. Сондықтан аудан тұрғындары мен қонақтарына табиғатқа жанашырлықпен қарап, белгіленген талаптарды қатаң сақтау маңызды. Бұл – тек заң талабы ғана емес, келер ұрпаққа табиғи байлықты аман жеткізудің ортақ міндеті.

– Жоғарыда атап өткен шектеулерге қарамастан, соңғы уақытта бұл аумақта заңсыз балық аулау деректері тіркеліп жатыр ма? Егер тіркелсе, құқық бұзушыларға қандай шаралар қолданылуда?

Жалғасы газеттің №12 (4277) санында
Сұхбаттасқан: Жайна МӘЛІМҚОЖА


