Терезе – бала өміріне төнген үнсіз қауіп

 

Биыл Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары жүйесінде Ішкі істер министрінің бастамасымен «Балалар жылы: Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі!» атты ауқымды бастама жарияланды. Мұндағы мақсат – кәмелетке толмағандар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіптің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту.

Бала қауіпсіздігі – құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Дегенмен соңғы уақытта қоғамды алаңдатқан жағдайлар аз емес. Әсіресе тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуі, ойын алаңдарында түрлі жарақаттар алуы жиілеп отыр. Бұл оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан және балалардың ересектер қарауынсыз қалуынан туындайды.

Кішкентай балалардың табиғи қызығушылығы оларды биікке ұмтылдырады, ал бұл кейде қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Көп ата-ана москит торларын қауіпсіздік құралы ретінде қабылдайды, алайда ол баланың салмағына төтеп бере алмайды. Сондай-ақ терезе маңына қойылған жиһаз баланың оңай өрмелеуіне жағдай жасап, қауіп деңгейін еселей түседі. Сондықтан ата-аналарға терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын орнату, балаларды қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру аса маңызды.

Балалар жарақатының тағы бір жиі кездесетін орны – ойын алаңдары. Мұнда да қауіп аз емес. Кейбір алаңдардағы құрылғылардың талапқа сай болмауы немесе тозығы жетуі балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар балалардың бақылаусыз ойнауы да түрлі оқыс жағдайларға себеп болады. Сондықтан ойын алаңдарының техникалық жағдайына ерекше мән беріп, қауіпсіз жабынмен қамтамасыз етілуін қадағалау қажет. Ал ата-аналар балаларын ойын кезінде үнемі назарда ұстап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулуы тиіс.

Баланың қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен ата-ананың, одан кейін бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қарапайым сақтық шараларының өзі үлкен қауіптің алдын алуға көмектеседі. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Полиция бөлімі тарапынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Дегенмен нақты нәтиже әрбір ата-ана мен қоғам мүшесінің жауапкершілігі артқан кезде ғана байқалады. Қауіпсіз балалық шақ – жарқын болашақтың кепілі. Ал сол болашақты қорғау – бүгінгі буынның басты парызы.

 

Мөлдір МАҒАЗОВА,
аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT