«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тағылымды ұстаным бүгінгі көптілді қоғамда ерекше мәнге ие. Бірнеше тілді меңгеру – заман талабына сай болудың, білім көкжиегін кеңейтудің маңызды тетігі. Осы орайда Қазақстан халқы тілдері күніне орай ауданымызда 11-сынып оқушылары арасында «Полиглот» байқауы ұйымдастырылып, білімді де талапты жастардың тіл меңгерудегі шеберлігі сынға түсті.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген оқушылар бас қосқан байқау нағыз білім мен біліктің, тапқырлық пен шешендіктің додасына айналды. Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың үш тілді меңгеру деңгейін анықтап қана қоймай, олардың сөздік қорын байыту, тіл үйренуге деген ынтасын арттыру және көптілді тұлға ретінде қалыптасуына қолдау көрсету.
Тіл додасына аудан мектептерінен келген талапты жастар қатысып, өздерінің білімін, ой ұшқырлығын және шешендік қабілетін ортаға салды. Сайыс қорытындысында үздіктердің есімі анықталып, жүлдегерлер марапатталды. Бас жүлде Новобогат орта мектебінің оқушысы Назгүл Болатқызына бұйырды. Аққыстау орта мектебінің оқушысы Абылайхан Қибатолла І орынды иеленсе, Ю. Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Азиз Уалитхан ІІ орыннан көрінді. Ал жүлделі ІІІ орынды Х. Нәубетов атындағы орта мектептің оқушысы Айсель Аманкелді еншіледі.Сонымен қатар өз өнері мен білімін дара көрсеткен бірқатар оқушы арнайы номинациялармен марапатталды. Ғ. Мәсәлімов атындағы орта мектептің оқушысы Қыдырәлі Жұмабай «Тіл шебері» аталымын жеңіп алса, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің оқушысы Гүлжайна Серікқызы «Үздік таныстыру» номинациясына ие болды. Ал Абай атындағы орта мектептің оқушысы Аяна Нұрғуатқызы «Тапқыр қатысушы» номинациясымен марапатталды.
- Тіл үйрену – мен үшін жай ғана қызығушылық емес, болашағыма бастар жол. Әр тіл арқылы жаңа әлемді танып, білімімді толықтырып келемін. «Полиглот» байқауында бас жүлде иеленуім – осы бағыттағы еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Бұл жеңіс маған одан әрі ізденіп, жаңа тілдерді меңгеруге үлкен мотивация берді. Қазір қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгеріп, испан тілін үйреніп жүрмін. Болашақта аударма ісі мамандығын таңдап, тіл білудің мүмкіндігін кәсіби жолымда пайдаланғым келеді, – дейді байқаудың бас жүлде иегері Назгүл Болатқызы.
Осылайша тіл білімі мен шешендік өнерді ұштастырған сайыс қатысушылардың білімін саралап қана қоймай, олардың жаңа белестерге ұмтылуына серпін берген мазмұнды дода болды.
Жұлдыз СЕМБИЕВА



