5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Тіл туралы айтқанда, ең алдымен оның адам өміріндегі қарапайым қарым-қатынас құралы ғана емес, тұтас ұлттың рухани тірегі екенін ұғынуымыз керек. Ана тілінде халықтың өткені сақталады, бүгіні бейнеленеді, келешекке деген үміті жалғасады. Бабадан балаға жеткен әрбір сөздің астарында тарих, салт-дәстүр, ұлттық таным мен ұрпақ сабақтастығы жатыр. Сондықтан тілдің тағдыры – бір күннің немесе бір жылдың мәселесі емес, ұлттың мәңгілік мәселесі.Қазақстан халқы тілдері күні де осындай үлкен мәнге ие. Қазақстандағы тіл саясатының тарихына көз жүгіртсек, 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заңның қабылдануы маңызды қадам болды. Ал 1998 жылдан бастап 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып өтіле бастады. Уақыт өте келе атаулы күннің мәні жаңа мазмұнмен толықты. 2017 жылғы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл күннің таңдалуы да тегін емес. 5 қыркүйек – қазақ тілінің тағдырына ғұмырын арнаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осылайша 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте аталып келеді.
Қазіргі таңда ауданда 38 өзге ұлт өкілі тұрады. Олар ауданның қоғамдық өміріне араласып, түрлі мәдени және қоғамдық шараларға қатысып келеді. Осы бағытта аудан көлемінде тіл саясатын іске асыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тіл құрылымдарының жұмысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік құжаттар басшылыққа алынып, сол міндеттер негізінде арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, аудан әкімінің қаулысымен бекітілген. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдардағы іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілу деңгейі тоқсан сайын мониторингтен өтеді.Тіл мәдениеті күнделікті көзіміз көріп жүрген қарапайым дүниелерден де байқалады. Көшедегі маңдайша, дүкендегі баға көрсеткіші, ас мәзірі, жарнама, хабарландыру немесе түрлі нұсқағыштардың сауатты жазылуы – мемлекеттік тілге деген құрметтің бір көрінісі. Осыған байланысты аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына да бақылау жүргізіліп, заң талаптарының сақталуы қадағаланады.«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпарат, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері, ас мәзірі, нұсқағыштар және басқа да ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде орналастырылуы тиіс. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған «Тағам атаулары сөздігі» таратылып, оны асхана, мейрамхана және азық-түлік дүкендерінде тиімді пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,-дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дария Әділжанқызы.
Тілді сақтап қалатын да, оны жаңа биікке көтеретін де – жас ұрпақ. Сондықтан тіл саясатының маңызды бағытының бірі – жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру. Бұл ретте құрғақ үгіттен гөрі, жастардың танымына жақын, олардың қызығушылығын оятатын заманауи форматтағы іс-шаралардың маңызы зор. Исатай ауданында да Аудан жастары арасында мемлекеттік тілді дәріптеуге, тіл мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі танымдық шаралар, куиздер мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Тіл туралы заң талаптары мен мемлекеттік бағдарламалар қанша мықты болғанымен, тілге деген шынайы құрмет әр адамның өзінен басталады. Балаға ана тілінде бесік жырын айту, отбасында қазақша сөйлесу, қызмет көрсету кезінде мемлекеттік тілді қолдану, көшедегі жарнама мен маңдайшадағы сөздің сауатты жазылуына мән беру, кітап оқу, сөз мәдениетін қалыптастыру – мұның бәрі тіл тағдырына қосылған үлес.Олай болса, тіл мерекесін атап өтудің ең жақсы жолы – оны құр сөзбен ұлықтау емес, күнделікті өмірде қолдану. Әрбір дұрыс айтылған сөз, сауатты жазылған сөйлем, балаға үйретілген жаңа сөз – ұлт тілінің өміршеңдігіне қосылған үлес.
Жайна ІЛИЯС


