Ауыл көшесімен жүріп өткенде көзге түсетін дүниенің бірі – маңдайша мен жарнамадағы жазулар. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, ондағы әрбір сөз елді мекеннің тілдік келбетін аңғартып тұрады. Қазақы дәстүрі мен ұлттық болмысы берік сақталған, тұрғындарының басым бөлігін қазақтар құрайтын біздің ауданда кейбір кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттардың тек орыс тілінде рәсімделуі ойландырмай қоймайды. Оған қоса, мемлекеттік тілдегі кейбір жазулардың да тілдік және орфографиялық талаптарға сай рәсімделмей жатқаны кездеседі.
Бұл – сырт көзге елеусіз көрінгенімен, қоғамдық ортаға әсер ететін мәселе. Өйткені көшедегі әрбір маңдайша, жарнама, хабарландыру немесе дүкендегі баға көрсеткіші – күнделікті өмірде көзге түсетін қарапайым мәтін ғана емес, сол ортаның тілдік келбетін қалыптастыратын ақпарат.
Сондықтан көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде сауатты әрі талапқа сай жазылуы – жай ғана тіл мәселесі емес. Бұл – ана тілімізге деген құрметтің, қоғамдық жауапкершіліктің және тіл мәдениетінің көрсеткіші. Көшедегі жазу – көпшілікке көрінетін сөз. Ол тұрғындарға ғана емес, ауылға ат басын бұрған әрбір қонаққа да біздің тілге, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымызды танытады. Сол себепті маңдайша мен жарнамадағы әрбір сөзге бейжай қарамай, оның мағынасы мен жазылуына мұқият мән бергеніміз жөн. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тек мекемелер мен жауапты мамандардың ғана міндеті емес.Бұл – кәсіп иесінен бастап, қарапайым тұрғынға дейін ортақ жауапкершілікпен қарайтын мәселе. Көрнекі ақпаратты сауатты жазу арқылы біз ең алдымен өз тілімізге деген құрметімізді көрсетеміз. Ал тілге деген құрмет – елге, жерге, ұлттық болмысқа деген құрметтің бір көрінісі.

Осы бағытта мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күні аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлесі 99 пайызды құрайды. Сонымен қатар жарнама және көрнекі ақпарат құралдарын мемлекеттік тілде орналастыру мәселесіне де ерекше мән берілуде. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және өзге де көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде және басқа да тілдерде орналастырылуы тиіс. Осы талаптардың сақталуы тұрақты түрде қадағаланып келеді. Осы жылдың І жартыжылдығында аудан аумағында аталған бағыт бойынша 5 зерделеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 14 кемшілік анықталды. Қазіргі таңда оның 7-еуі талапқа сай түзетіліп, қалған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Кезекті зерделеу жұмыстары 21-қыркүйек күні аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Жанбай ауылдық округіне қарасты мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарын зерделедік.
Зерделеу барысында кәсіпкерлік нысандарындағы маңдайшалар, сыртқы жарнамалар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, хабарламалар және басқа да көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының болуы, мазмұны мен сауатты рәсімделуіне назар аударылды. Нәтижесінде бірқатар нысандарда тілдік талаптарға сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттар назарға ілінді. Атап айтқанда, «Мадияр» кафесінде ас мәзірінің орыс тілінде орналастырылғаны, «Жанар» тігін шеберханасында хабарламалардың орыс тілінде рәсімделгені белгілі болды. Сондай-ақ Атырау–Астрахань тас жолының бойында орналасқан «Асхана» кәсіпкерлік нысанында сыртқы жарнаманың өзбек тілінде, ал баға көрсеткіштері мен ас мәзірінің орыс тілінде орналастырылғаны анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали кәсіпкерлік нысандарының жауапты тұлғаларына қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, тиісті хабарламалар берілді. Көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеп, заң талаптарына сәйкестендіру үшін 1 ай мерзім белгіленді.
Біздің айтпағымыз, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – бір реттік шара емес, жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс.
Осыған орай, аудан көлемінде тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы қолданысын арттыру және көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкес рәсімделуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар ауданның басқа да ауылдық округтеріндегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы талаптарының орындалуына зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жадыра ЖАНДОЛОВА,
аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлінімің бас маманы


