Тіршілік нәрінің құны: тариф неге өзгерді?

 

Кешегі қазақтың «су тегін» деп арзанның баламасына айналдырған ұғымы бүгінде өз мәнін жоғалтып бара жатқандай. Өйткені әлем бойынша ауыз су тапшылығы күн өткен сайын ушығып, ол экологиялық қана емес, әлеуметтік әрі экономикалық мәселе ретінде алдыңғы қатарға шықты. Бұл құбылыс адамзаттың табиғатқа деген көзқарасы мен ресурстарды пайдалану мәдениетін қайта қарауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – кез келген өңірдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Иә, судың да сұрауы бар десек, бүгін сол сұраудың нақты бағасы қандай? Атырау облысында ауыз су тарифінің қайта қаралуы осы сауалға жауап іздеудің бір көрінісі іспетті. Жаңа шешімге сәйкес, өңірде ауыз суға төленетін тариф мөлшері қайта бекітіліп, тұтынушылар үшін жаңартылды. Бұл өзгеріс қолданыстағы заңнамалар мен бекітілген әдістемелер негізінде қабылданғанымен оның әлеуметтік салмағы әр отбасының тұрмысынан сезілері анық. Өйткені коммуналдық төлемдердегі кез келген өзгеріс, ең алдымен, қарапайым тұрғынның күнделікті шығынына әсер етеді. Демек ауыз су құнының қайта қаралуы – жай ғана тарифтік түзету емес, халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін маңызды фактор. Ал бұл өзгеріс өңір тұрғындары үшін қаншалықты қолжетімді әрі әділ болмақ? Алдыңғы санда жарық көрген Исатай ауданы бойынша «Атырау облысы Су Арнасы» КМК қызмет бастығы Артур Кибашевтің мақаласы осы өзекті мәселенің мән-жайын ашып, өңірдегі ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар мен жоспарларды кеңінен қамтыған еді. 

Қарапайым тілмен айтқанда, бұрын ауыз суға қатысты қолданылып келген бірқатар ережелер мен тарифтер енді күшін жойды. Яғни, 2003 жылғы Су кодексі мен 2021 жылы қабылданған министрлік бұйрықтары және Атырау облысына қатысты қаулылар мен мәслихат шешімдері қазіргі таңда жарамсыз болып отыр. Сол себепті бұрынғы ауыз су тарифтері де өзгерді. Бұған дейін есептегіші (счетчигі) бар тұрғындар судың әр текше метріне 50 теңге, ал есептегіші жоқтар 60 теңге төлеп келген еді. Енді бұл бағалар қолданылмайды. Оның орнына жаңа заңдар мен ережелер қабылданды. Атап айтқанда, 2025 жылғы жаңа Су кодексі, министрліктің жаңа бұйрығы және облыс әкімдігінің қаулысы негізінде Атырау облыстық мәслихаты жаңа шешім бекітті. Енді ауыз суға қатысты төлемдер мен талаптар осы жаңа құжаттарға сәйкес реттеледі.Осы шешімге сәйкес, Атырау облысы аумағында халыққа берілетін ауыз судың бір текше метрі үшін жаңа төлемақы мөлшері бекітілді.

Атап айтқанда, есептегіші (счетчигі) бар тұрғындар үшін су тарифі – 110 теңге, ал есептегіші жоқтар үшін – 130 теңге. Яғни, бұрынғы бағамен салыстырғанда шамамен 2 есеге өсіп отыр. Мамандардың түсіндіруінше, бұл тарифтер жайдан-жай қойылмаған. Олар арнайы әдістеме бойынша есептеледі. Сол әдістемеге сәйкес, су бағасы республикадағы орташа тариф пен облыстағы орташа тарифтің арасынан алынуы керек. Қазір республика бойынша орташа тариф шамамен 109,57 теңге болса, Атырау облысында ол 283,77 теңгені құрайды. Сондықтан халыққа тым ауыр болмас үшін баға 110 мен 130 теңге аралығында бекітілген. Сонымен қатар заңда суды үнемдеп пайдалану да қатаң талап етіледі. Егер бір адам тәулігіне белгіленген нормадан артық су пайдаланса, онда төлемге қосымша 1,3 коэффициент қосылады. Яғни, нормадан көп жұмсасаңыз, су үшін көбірек төлейсіз. Бұл – суды ысырап етпеуге бағытталған шара екені де аталып отыр.

- Бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықты ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету, қызметтің қолжетімділігін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалануға ынталандыру. Яғни, тарифтің өсуі тек бағаны көтеру үшін емес, су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мен болашақта тапшылықтың алдын алу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар бұл шаралар қоғамда суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Себебі су шексіз ресурс емес. Оны бейберекет жұмсау ертеңгі күні үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын судың қадірін түсініп, оны орнымен әрі үнемді пайдалануға жауапкершілікпен қарауы қажет,-дейді Артур Ғалымжанұлы. 

Алайда бұл шешімді облыстық мәслихат қабылдағанын ескерген ауыл тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Құрманғали Мұхтаров облыс депутаттарының үнсіз қалып, монополистік мекемелердің мүддесін қорғаштап отырғанына наразылығын білдірді.

– Біз ең алдымен қарапайым халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Тарифті бірден екі есеге көтеру – тұрғындар үшін ауыр соққы. Әсіресе ауылдағы ағайынға бұл тіптен оңай тимейді. Мәслихат депутаттары – халық сайлаған өкілетті орган. Сондықтан мұндай маңызды мәселе алдымен елдің талқысына салынып, ашық түрде түсіндіріліп қабылдануы тиіс еді деп санаймын. Су – табиғаттың берген байлығы. Оны ешкім қолдан жасап отырған жоқ. Сол себептен осындай өмірлік маңызы бар ресурсқа қатысты шешімдер жабық түрде емес, халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет. Өз басым облыстық деңгейдегі депутаттардың ішінде жергілікті азаматтар ғана ел ішіне шығып, тұрғындардың жағдайымен танысып жүргенін байқаймын. Ал көпшілігі қарапайым халықпен етене араласып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап жүр деп айта алмаймын. Осындай өзекті мәселелер көтерілген кезде депутаттар халықпен тығыз байланыс орнатып, елдің шынайы тұрмыс-тіршілігін ескеруге тиіс. Су – тіршілік көзі. Оны тек табыс көзіне айналдыруға болмайды. Егер баға өсетін болса, онда соған сай көрсетілетін қызметтің сапасы да айқын жақсарып, халық оның нақты нәтижесін көруі керек, – дейді Құрманғали Мұхтаров.

Осылайша ауыз су тарифіне қатысты өзгерістер қоғамда түрлі пікір туғызып отыр. Әрине, қарапайым халық судың тапшы әрі тіршілік көзі екенін жақсы түсінеді. Дегенмен күнделікті тұрмыста бар табысты әрең жеткізіп отырған тұрғындар үшін бағаның өсуі оңай қабылданбайтыны анық. Көпшілік үшін су – ең негізгі әрі салыстырмалы түрде қолжетімді ресурс болып келгендіктен оның қымбаттауы көңілге салмақ түсіреді. Сондықтан да тұрғындар бұл өзгерістердің мәні мен себебін жан-жақты, ашық түрде түсіндіруді әлі де күтетін сыңайлы.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT