Елдің қалыпты тіршілігі бір сәтке де тоқтамауы үшін күн сайын өз міндетін үнсіз атқарып жүрген еңбек адамдары бар. Бірі таңғы тыныштықта жұмысын бастап, енді бірі ел ұйқыда жатқанда қызметіне кіріседі. Олардың есімі көп айтыла бермеуі мүмкін. Бірақ әрқайсының атқарып жүрген ісі – елді мекеннің күнделікті өмірі үшін қажет, жауапкершілігі жоғары еңбек. Осындай маңдай терімен елге қызмет етіп жүрген жандардың бірі – «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай бөлімшесінің кәріз жүйесінің операторы Асылбек Қадыржанов.
Кәріз жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі – елді мекеннің тазалығы мен санитарлық ахуалына тікелей қатысты маңызды саланың бірі. Бұл жұмыстың ерекшелігі – нәтижеңіз көп жағдайда көзге көрінбейді. Жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрса, оның артында күн сайын бақылау жасап, ақаудың алдын алып, қажет кезде жедел әрекет ететін мамандардың еңбегі тұрғанын екінің бірі елей бермейді. Ал бір ғана ақаудың өзі уақытында шешілмесе, тұрғындардың тұрмысына әсер ететін мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан кәріз жүйесінің операторы үшін ұқыптылық пен жауапкершіліктің маңызы зор. Бұл – белгілі бір уақытпен шектелетін жұмыс емес, жүйенің жағдайын тұрақты бақылауды, кез келген жағдайға дайын болуды талап ететін кәсіп. Асылбек Қадыржанов осы жауапкершілікті күнделікті жұмысында сезініп жүрген маман.
Ол өз кәсібін жай ғана атқаратын міндет емес, елдің тыныс-тіршілігіне қажетті қызметтің бір бөлігі деп қабылдайды. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен жұмысына деген тиянақтылығы оның кәсіби болмысын қалыптастырған. Еңбек адамының еңбегі көбіне нәтижесімен емес, сол нәтиженің қалыпты күйде сақталуымен бағаланады. Жүйе тоқтамаса, тіршілік те тоқтамайды. Осы қарапайым көрінген ақиқаттың артында өз ісіне адал мамандардың күнделікті еңбегі жатыр. Еңбек күні қарсаңында біз көптің көзіне түсе бермейтін, бірақ ел өмірінің бірқалыпты жалғасуына өз үлесін қосып жүрген осындай қарапайым еңбек адамының кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Кейіпкеріміз мектепті тәмамдаған соң дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, еңбек жолын әртүрлі салада бастады. Жұмысқа ерте араласқан ол қай қызметте жүрсе де, өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, маңдай термен келген еңбектің қадірін түсінді. Өйткені оның түсінігінде жұмыстың үлкен-кішісі жоқ. Әр кәсіптің қоғамға қажет өз орны бар. 2014 жылы Асылбек Қадыржанұлы «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның Исатай бөлімшесіне қарасты кәріз жүйесіне жұмысқа орналасып, содан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Он екі жылға жуық уақыт ішінде мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, жауапкершілігі мол жұмыстың өзіне тән тәртібіне бейімделді. Бүгінде ол – кәріз жүйесінің операторы. Сырт көзге елеусіз көрінгенімен, бұл қызмет аудан орталығы Аққыстаудың санитарлық тазалығы мен тұрғындардың қалыпты тұрмысы үшін маңызды. Оператор ауылдағы кәріз суларын жинақтап, олардың арнайы белгіленген орынға талапқа сай төгілуін қадағалайды. Сонымен қатар жүйедегі насостардың жұмысын бақылап, ақау шыққан жағдайда оны дер кезінде анықтап, қалпына келтіруге қатысады. Жұмыстың өзіндік қиындығы да бар. Әсіресе кәріз жүйесіне тұрмыстық қалдықтардың араласуы құбырлардың бітелуіне, техниканың істен шығуына себеп болады. Мұндай кезде мамандардың қолмен тазалауына дейін тура келеді. Кәріз суының құрамындағы агрессивті заттар құбырлар мен техниканы да тез тоздырады.
– Кәріз суларын айдайтын насостарды үнемі бақылауда ұстаймыз. Кәріз суының өзіне тән жаман қасиеті бар: ол кез келген құбырды шірітіп, техниканы да істен шығаруы мүмкін. Кейде осындай жағдайларда жалаң қолмен тазалап, жөнге келтіретін кездеріміз болады. Абай Құнанбайұлының «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөзі бар ғой. Қандай жұмыс болса да, адал атқарылған еңбектің жөні бөлек. Жұмысымыз лас сумен байланысты болғанымен, еңбегіміз – адал,-дейді Асылбек Қадыржанов.
Кейіпкердің бұл сөзі оның кәсіпке деген көзқарасын анық аңғартады. Ол үшін жұмыстың сыртқы сипаты емес, оны қалай атқаратының маңызды. Еңбек жағдайының ерекшелігіне байланысты қосымша ақы төленгенімен, Асылбек ағамыздың осы салада жылдар бойы тұрақтап еңбек етуінің негізінде ең алдымен жауапкершілік пен өз ісіне деген адалдық жатыр. Бүгінде оның еңбек жолы – кейінгі буынға да өнеге. Асылбек Қадыржанұлы үшін басты мақсат – өз кәсібіне деген адалдығын жоғалтпай, аман-есен зейнет жасына жету. Отбасына ақылын айтып, балаларына адал еңбектің қадірін ұғындырып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін азамат болуды қалайды. Қоғамға қажет еңбектің бәрі бірдей көптің көз алдында атқарыла бермейді. Кей жұмыстың нәтижесі бірден байқалса, енді бірінің пайдасы қалыпты тіршіліктің өзінен көрінеді. Аққыстаудың санитарлық тазалығы мен күнделікті тұрмысының үздіксіз жүруіне үлес қосып жүрген Асылбек Қадыржановтың еңбегі де сондай. Еңбектің қадірі оның атауында немесе сыртқы көрінісінде емес, елге тигізген пайдасында. Өз ісіне адал адамның маңдай терімен атқарған жұмысы қашанда құрметке лайық.
Еркебұлан УАЛИТХАН


