Томан елді мекенінде иесіз қоралар сүріліп жатыр

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық тұжырымдамасы аясында Исатай ауданында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, қоршаған ортаны абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Тұжырымдама тек көшелер мен қоғамдық орындарды тазалауды ғана емес, елді мекендердің көркін бұзып, қауіп төндіруі мүмкін нысандарды ретке келтіруді де көздейді. 

Бүгінде осындай жұмыстар Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде қолға алынды. Ауыл аумағында ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай, қараусыз қалған иесіз қоралар кезең-кезеңімен бұзылып, аумақтары тазартылуда.

 

 

Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашовтың айтуынша, жұмыстарға қазіргі таңда үш арнайы техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, погрузчик, HOWO және Shacman көліктері тазалық жұмыстарына тартылып, ескі құрылыс қалдықтарын жинау және шығару жұмыстарын атқаруда.

Иесіз қалған қора-қопсы уақыт өте келе тек ауылдың сәулеттік келбетіне кері әсер етіп қоймай, түрлі тұрмыстық қалдықтардың жиналуына, арамшөптің өсуіне және санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болуы мүмкін. Бұған қоса, қараусыз нысандардың қабырғалары мен конструкцияларының құлауы тұрғындар үшін қауіп тудыруы ықтимал. Сондықтан мұндай аумақтарды ретке келтіру – елді мекеннің тазалығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды.

 

 

Томан елді мекеніндегі жұмыстардың негізгі мақсаты да – пайдаланылмай тұрған, ауылдың жалпы көрінісіне кері әсер ететін нысандарды ретке келтіріп, олардың орнын тазалау. Бұл ауыл аумағын жинақы әрі көрікті етуге, санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

 

 

 

Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT