Томанда жағдай тұрақтану кезеңінде

ашық дереккөзден

 

Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде де індет белгілері тіркеліп, жағдай мамандардың жіті бақылауына алынды. 4 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін 8 ауладағы 67 бас мүйізді ірі қара малдың ауырғаны анықталды. Дегенмен жүргізілген ветеринариялық шаралардың нәтижесінде олардың 65 басы толық сауығып шыққан. Қазіргі таңда қалған 2 бас малға симптоматикалық ем-шаралар жалғасып, ауыз қуысы өңделіп, қажетті дәрілік препараттар қолданылуда. 

Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында барлық ауырған малдар дер кезінде оқшауландырылды. Клиникалық белгілері көршілес Құрманғазы ауданында және Зинеден ауылдық округінде тіркелген жағдайларға ұқсас болып, малдың ауыз қуысынан сілекей ағу, жем-шөпке тәбеттің төмендеуі сияқты белгілермен сипатталды. Індеттің нақты себебін анықтау үшін алынған сынамалар Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» РМК зертханасына жолданып, қорытындысында мүйізді ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит ауруы расталды. Осыған байланысты аудандық аумақтық инспекцияның ұсынысы негізінде округ әкімінің шешімімен 26 ақпан күні Аққыстау ауылдық округіне қарасты 17-бекет ауылы аумағында шектеу іс-шаралары енгізілді.

Ошақ аумағында індеттің таралуын тоқтату мақсатында кешенді санитарлық жұмыстар жүргізілді. «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ Атырау филиалының мамандары жалпы көлемі 28 000 шаршы метрді құрайтын аула-қораларды толық дезинфекциялап, залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асырды. Жалпы алғанда, Томан елді мекеніндегі жағдай да тұрақтану кезеңіне өтіп, індеттің таралу қаупі барынша төмендетілген. Дегенмен мамандар сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін тағы да ескертеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT