Торт асату тәлім болар тірлік пе?

 

Құдай көпсінбесін, қазақтың тойы аз емес, оның ішінде жастардың үйлену тойы да бар. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жатамыз, бұл сол тойға дайындықтың барысындағы тірліктен хабар берсе керек. Иә, қазір де тойдың боладысы қызық, сол тойдың үстінде де талай қызықтар болып жатады. Солардың арасында келіннің ата-енеге торт жегізуі сияқты «қызық» та бар. Той орталап, адамдар той сайынғы таныс көріністерден жалыға бастағанда асаба жігіт пен келінді ортаға шақырады, ата-аналары қоса шығады. 

Шаңырақ көтеріп, енді отағасы болып жатқан азаматтың қолына әйелге ұқсата пышақ ұстатып, торт кескізеді. Келін әлгі тортты қасықпен енесінің, атасының аузына апарып салады. Айтуларынша, жаңа үй болып жатқан жастардың өмірі торттай тәтті болсын дегенді білдіреді екен бұл. Ендеше оған ата-анасының қандай қатысы бар, жаңа түсіп жатқан келіннің енді ғана көріп тұрған ата-енесінің аузына қасықпен торт тықпалауы да әнебір әдемі көрініс емес. Алайда той қонақтарының соған барынша қол соғып, дұрысында оларға асабаның қол соқтырып жататыны да рас. Соны көргенде оның қандай тәлімдік, тағылымдық жағына қол соғып жатырмыз екен деп ойлайсың.

Осы бір көрініс қазақтың «келін шай» аталатын дәстүрін еске салып жібереді. Келін түскен соң, ауылдың үлкендері келіннің тәтті шайын ішеміз деп келеді. Сол жерде келін ең алғаш сыннан өтеді. Оның отырыс-тұрысы, шай ұсынуы, баптауы сынға түседі. Содан кейін аталар бата береді. Әлгі бір торт асатып қол соқтырудың орнына сол келіншай дәстүрін тойдың үстінде неге жасамасқа?!. Ауыл үлкендері, құдалары отырған үстелге жаңа түсіп жатқан келіннің сызылып қана  шай құйып жүрген көрінісі қандай үйлесімді болар еді, оны қазіргі тойханалардың көбіне тән үлкен экраннан той қонақтарының бәрі анық көріп отыратындай болса қандай ғанибет! Сол үстелдегі ауылдың бір үлкені келінге арнап мәнді де мағыналы бата берсе, өнегелі бір іс осы болмас па?

Ал сол той үстінде күйеуді де билетіп, болмаса келінге тәтті сөздер айтқызып «сынап» жататын, басқа да көріністер болады. Бұл да арзан қызықтар. Оның орнына той үстінде күйеу жігітке үлкендердің ас табағын туратып, сүйек үлестіртіп жатса нағыз сынақ сол емес пе? Бұл – жас отағасының отбасын құрудағы жауапкершілігін, міндеттерін сол алғашқы сәттен бастап түсінуіне, ойға алуына үлкен себеп, сондай-ақ үй болғандарына жылдар озса да ас турап, сүйек үлестіруден бейхабар азаматтарға сабақ та болмақ.

Біздің айтпағымыз, қазақи қалпымызды, дәстүр-салтымызды осындай қарекеттеріміз арқылы қазақтың тойына да кіріктіре білсек деген бір пікір. Ол енді оқырманның ой таразынан орын алса игі. Бұл - асаба ағайындарға да артылар жүк.


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT