Тазалықты бір күннің немесе бір науқанның жұмысы деп қабылдау – оның мәнін тарылту. Өйткені таза көше мен жинақы аула, қоқыссыз жағалау ең алдымен адамның қоршаған ортаға деген көзқарасынан басталады. Қоқысты тиісті жерге тастау, табиғи аумақтарды бүлдірмеу, өзінен кейін айналаны таза қалдыру секілді қарапайым әрекеттер күнделікті дағдыға айналғанда ғана экологиялық мәдениет қалыптасады. Осыны қоғамның қаперіне салатын халықаралық бастамалардың бірі – жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде өтетін Дүниежүзілік тазалық күні. World Cleanup Day аясындағы шаралардың мақсаты тек белгілі бір аумақты қоқыстан тазарту емес. Оның ауқымы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғауға қоғамды кеңінен тарту мәселелерін қамтиды.
Бұл ұстаным ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасымен де үндеседі. Себебі елді мекеннің тазалығы коммуналдық қызметтердің немесе арнайы техниканың ғана міндеті емес. Ол – сол жерде тұратын әр адамның ортақ жауапкершілігі. Ауданда да тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның бір мысалы – өткен аптада Аққыстау ауылдық округінің аумағында ұйымдастырылған «Таза жағалау» акциясы. Аққыстау ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, акция барысында мекемелер мен кәсіпорындардың 45 қызметкері және 4 арнайы техника жұмылдырылып, Бақсай мен Нарын каналдарының жағалаулары тазартылды. Жағалауды қоқыстан аршу, айналаны ретке келтіру жұмыстарына қатысушылар ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Бұл жұмыс 19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күніне орай аудан көлемінде өтетін жалпыұлттық сенбілікпен жалғасын табады. Исатай ауданы әкімдігінің мәліметінше, санитарлық тазалықты сақтау және елді мекендерді абаттандыру мақсатында барлық ауылдық округтерде сенбілік ұйымдастыру жоспарланған. Сенбілік барысында мектептер, медициналық ұйымдар, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттар және басқа да әлеуметтік нысандардың аумағы тазаланады. Арықтар мен аулалар ретке келтіріліп, арамшөптер шабылып, жиналған қоқыс арнайы техникалар арқылы шығарылмақ. Дегенмен сенбіліктің нәтижесін сол күні шығарылған қоқыстың көлемімен ғана бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе – тазаланған аумақтың кейінгі күйінде. Бірнеше күннен соң сол жерге қайта қоқыс тасталса, жүргізілген жұмыстың нәтижесі де ұзаққа бармайды. Сондықтан тазалық акциясының шынайы жалғасы – сенбіліктен кейінгі күнделікті тәртіп. Себебі тазалық мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасынан басталып, мектепте жалғасып, қоғамдық ортада орнығады. Бір адамның ұқыптылығы екінші адамға үлгі болған кезде ғана бұл әдет көпшілікке ортақ дағдыға айналады. Сондықтан таза орта ең алдымен таза санадан басталады. Әркім өзінен кейін қоқыс қалдырмай, ортақ кеңістікті өз үйінің ауласындай ұқыпты ұстай білсе, тазалық науқандық шарадан күнделікті мәдениетке айналады. Туған жердің әр көшесі, әр ауласы, әр жағалауы – сол мәдениеттің айнасы.
Жайна МЫҢҒҰЛ



