«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында ауданымызда санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Елді мекендердің көркін арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды көздейтін игі бастамаға мемлекеттік қызметшілер де белсенді атсалысып келеді.

Кезекті тазалық жұмыстары аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіне қарасты Өркен елді мекеніндегі үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй аумағында ұйымдастырылды. Сенбілік барысында елуге жуық мемлекеттік қызметші айналаны күл-қоқыстан тазартып, ауланың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты.

Жұмысқа бір КамАЗ жүк көлігі мен бір JCB тракторы жұмылдырылып, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды. Нәтижесінде тұрғындар көп шоғырланған аумақтың тазалығы қалыпқа келтіріліп, қоршаған ортаның көркі арта түсті.

Аққыстау ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Бекзат Қуандықовтың айтуынша, мұндай тазалық шаралары тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға бағытталған.
– «Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, ол – әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс маңызды бастама. Бүгінгі сенбіліктің басты мақсаты – елді мекеннің тазалығын сақтау ғана емес, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеу. Таза аула – тұрғындардың өз қолымен қалыптасатын ортақ игілік. Сондықтан мұндай жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, – дейді Бекзат Қуандықов.

Тазалық – туған жерге деген құрметтің нақты көрінісі. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау – баршаға ортақ міндет.
Әсел ТАБИҒАТОВА


