Тұрғындарды қуантқан тосын сый

 

Туған жердің гүлденуіне үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Туған топыраққа деген құрмет пен жанашырлық сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы көрініс тапқанда ғана оның қадірі арта түседі. Соңғы жылдары Жанбай ауылында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар мен игі бастамалар – осының жарқын дәлелі. Ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға кәсіпкерлер де, туған жерін ұмытпаған түлектер де белсенді атсалысып келеді. Биыл да ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышты жыл болды. Демеушілер мен ауыл азаматтарының қолдауымен Жанбайда екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне берілді. Оның бірі – балаларға арналған заманауи ойын алаңы болса, екіншісі – Хамидолла Наубетов атындағы орта мектептің 57-түлектері тарту еткен көрікті саябақ.

Алдымен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Потенциал Ойл» ЖШС-нің демеушілігімен жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Аталған жоба жергілікті әкімдік пен серіктестік арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылды. Ойын алаңы ауылдың шеткі көшелерінің бірі – Сейфуллин көшесінде орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «Мұқашев» мердігер мекемесі жүргізді. Аталған мәселе бұған дейін аудан басшысының жергілікті тұрғындармен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын.

 

 

 Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, әлеуметтік бастамаға қолдау көрсеткен «Потенциал Ойл» ЖШС ұжымына Алғыс хат табыстады. Мерекелік шара барысында балаларға арнап тәтті дастарқан жайылып, тегін балмұздақ таратылды. Балалардың көптен күткен қуанышын өз көзімен көрген ауыл тұрғыны Мүстажап Аяшев құрылыс нысанына атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

–Бұрын балаларымыз көшеде ойнап жүрсе, енді қауіпсіз әрі жайлы жерде уақыт өткізетін болды. Бұл – тек ойын алаңы емес, өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлықтың белгісі. Осындай игі іске мұрындық болған азаматтарға, демеушілерге және құрылысқа атсалысқан барша жандарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Туған жерге жасалған әрбір жақсылық елдің ертеңіне қосылған үлес деп білемін,-деді ол.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, үш жылға жасалған меморандум аясында ауылдың кіреберісіне жасыл желек қоршауы орнатылып, екі балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар серіктестік түрлі мәдени-көпшілік және қайырымдылық шараларына тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Алдағы уақытта қос тарап жаңа меморандумға қол қойып, ауылдың әлеуметтік дамуына бағытталған игі бастамаларды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

 

Ал екінші нысан Жанбай ауылының 20 жылдық түлектері туған ауылына тарту ретінде аумағы 1400 шаршы метрді құрайтын жаңа саябақ сыйға тартты. Хамидолла Нәубетов атындағы орта мектептің түлектері қолға алған бұл игі бастама жыл сайынғы дәстүрдің жалғасы болып отыр. Бұған дейінгі түлектер ауылға жасыл желек қоршауы мен балалар ойын алаңын тарту етсе, биылғы 57-түлектердің сыйы ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасауға және елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған. Саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин ауыл түлектеріне ризашылығын білдіріп, олардың туған жердің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде түлектер саябақтың символикалық кілтін ауылдық округ әкіміне табыстады. Салтанатты лента қиылғаннан кейін жергілікті билік өкілдері мен ауыл тұрғындары саябаққа егілген көшеттерге су құйып, игі істің бастауына куә болды. Ауылдың орталығынан бой көтерген саябақ аумағына 70-тен астам ағаш көшеті отырғызылып, айналасы өрнек тастармен абаттандырылған. Тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында саябаққа 6 орындық орнатылып, түнгі уақытта жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Түлектер саябақтың келешегін ескеріп, егілген ағаштарды күтіп-баптау мақсатында жазғы су желісі арқылы тамшылатып суару жүйесін орнатуға қажетті инфрақұрылымды алдын ала дайындап қойған. Түлектердің айтуынша, бұл жұмыстар мұнымен шектелмейді. Олар саябақты алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмай, ағаштардың күтіміне көңіл бөліп, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Бұл бастама саябақтың көркейіп, ауыл тұрғындарының игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне ықпал етпек.

 

 

Осылайша Жанбай ауылында ел игілігі үшін бой көтерген қос нысан тұрғындардың қуанышына айналды. Бірі – балалардың алаңсыз ойнап, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берсе, екіншісі – ауыл тұрғындарының тынығып, табиғат аясында серуендеуіне жағдай жасап отыр. Бұл – туған жерге деген жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі деп түйдік.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT