Атырау облысында бастау алған ерлер арасындағы волейбол лигасы биыл да тартысқа толы өтті. Облыстың әр түкпірінен жиналған 24 команда үш дивизионға бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Сол додада Исатай ауданының намысын қорғаған Тұщықұдық ауылының жастары ел мерейін үстем етіп, В дивизионының чемпионы атанды.
Жарыстың алғашқы кезеңінен-ақ тұщықұдықтықтар өздерінің қарым-қабілетін айқын көрсетті. «Нарын» мен «Көктоғай» командаларын 3:0 есебімен ойсырата жеңуі – олардың жеңіске деген сенімін нығайта түсті. Ал «Бессары» командасымен өткен тартысты матчтағы аз ғана сәтсіздік керісінше команданың рухын қайрап, жігерін жандыра түсті. Сол жігер ширек финалда толық көрініс тапты. «Самал» командасына қарсы ойында тұщықұдықтықтар қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмай, 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жартылай финалда «Омар» командасымен өткен ойын да жоғары деңгейде өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Бұл – финалға апарар сенімді қадам еді. Финалдық кездесу – нағыз шеберлік пен төзімділіктің сыны болды. «Локомотив» командасымен өткен тартысты ойында әр ұпай үшін күрес жүрді. Дегенмен, алаңдағы ұйымшылдық, бір-біріне деген сенім мен жеңіске деген құштарлық Тұщықұдық жастарын алға жетеледі. Нәтижесінде олар қарсыласын 3:1 есебімен жеңіп, В дивизионының алтын тұғырынан көрінді.
Әрине бұл жеңіс – тек бір команданың жетістігі емес. Бұл – ауыл спортының дамып келе жатқанын, жастардың салауатты өмір салтына бет бұрғанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Бір мектептің қабырғасынан шыққан оқушылардың осындай биік белесті бағындыруы – жүйелі жұмыстың, ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың жемісі.
Команда сапында ерекше көзге түскен Шарапиден Нұржауған «Үздік ойыншы» атанып, өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді. Ал жас болса да жігерімен ерекшеленген Аманжол Әлиахметтің болуы – команданың болашағының зор екенін аңғартады. Ол – жуырда өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленген дарынды спортшылардың бірі.
Команданың капитаны әрі жаттықтырушысы Қуаныш Зейінғалиев бұл жеңістің астарында үлкен еңбек жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір ойыншы жаттығу барысында табандылық танытып, әр ойынға бар жауапкершілікпен қараған.
– Барлық ойыншылардың мектебіміздің шәкірттері болуы – ауыл спортының бір орталықтан жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жеңіс – балалардың табандылығы мен бірлігінің нәтижесі. Әр ойынға үлкен жауапкершілікпен қарап, өз мүмкіндіктерін толық аша білді. Біз үшін ең бастысы – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Осындай жетістіктер – сол еңбектің айқын көрінісі,-дейді ол.
Тұщықұдық жастарының жеңісі – ауыл спортының әлеуетін көрсеткен жарқын мысал. Осындай табыстар жас ұрпаққа жігер беріп, жаңа биіктерге жетелеуі сөзсіз. Өйткені, спорт – тек бәсеке емес, ол – өмір мектебі. Ал сол мектептен өткен жастардың болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Е.ЗИНЕДЕН


