Тарихқа тағзым етіп, ақ жаулықты аналарды ардақтау – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, кейінгі буынға өнеге қалдырудың жарқын үлгісі. Осы мақсатта Тұшықұдық ауылында «Аналар жолы – мәңгілік өнеге» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Кештің негізгі мақсаты – ауылдың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан ардақты аналарды еске алып, олардың өнегелі жолын бүгінгі ұрпаққа насихаттау.

Уақыт өткен сайын талай оқиға тарих қойнауына енгенімен, ел жадында із қалдырған тұлғалардың есімі ұмытылмайды. Кезінде ауыл мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып, сахнаның сәніне айналған, отбасындағы ұйытқы болумен қатар, өнерді де өмірінің бір бөлшегіне айналдырған алғашқы «Батыр аналар» ансамблінің орны ерекше. Олар тек өз отбасыларының ғана емес, бүкіл ауылдың берекесін арттырып, кейінгі буынға үлгі бола білді. Сол аналардың ізін жалғап , өнер эстафетасын қабыл алған «Әжелер» ансамблі де ауылдың мәдени өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Мерекелік кештің алғашқы сөз кезегі ауданның Құрметті азаматы, 1980 жылдан бастап Аналар кеңесінің төрайымы болған, алғашқы «Әжелер» ансамблін құруға ұйытқы болған Балғаным Қайырлиеваға берілді. Ол аналардың өнегелі жолы мен ауыл өнерінің қалыптасуындағы олардың рөліне тоқталып, өткен күндердің естеліктерімен бөлісті.

Өмірден өткен аналардың рухына тағзым ретінде Айнагүл Даулетьярова «Ақ мама» әнін орындады. Ән арқылы аяулы аналарға деген сағыныш пен құрмет көрініс тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Келесі кезекте ұлағатты ұстаз, ел анасы атанған Маржан әжейге құттықтау сөзі берілді. Ақ жаулықты аналардың өнегесі мен үлкендердің батасын арқау еткен кеште ауыл ақсақалдары мен ардагерлерге деген құрмет те айрықша көрініс тапты.

Шара барысында Тұшықұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ғалия Дүйсенова мерекенің қадірлі қонақтары – биыл 70 жасқа толған мерейтой иелерін құттықтап, марапаттар табыстады.

Сонымен қатар 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан көлемінде ардагерлер арасында ұйымдастырылған спартакиадаға қатысып, ауыл намысын абыроймен қорғаған спортшылар да марапатталды.

Тұшықұдық ауылының ардагерлері волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі бойынша бақ сынап, белсенділіктерімен ерекшеленді. Бұл – жастың ұлғаюы жігер мен өмірге деген құлшынысқа кедергі емес екенін көрсеткен өнегелі үлгі. Аналардың сара жолы үзілген жоқ, қайта бүгінгі күнмен жалғасын тапты. Кезінде «Батыр аналар» мен «Әжелер» ансамблінің өнерін тамашалаған жұртшылық бүгінде сол дәстүрді жалғастырып жүрген «Әжелер әуені» ансамблінің өнеріне куә болды.

Кеш барысында ансамбль мүшелері халықтың сүйікті әні «Гүлдерайымды» орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән аяқталған соң «Әжелер әуені» ансамблінің мүшелері үлкен буын «Әжелер» ансамбліне мүшелеріне ақ жаулық тартып, құрмет көрсетті. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, үлкенге ізет пен өнерге деген құрметтің белгісі. Ақ жаулық тарту арқылы кейінгі буын алдыңғы толқынның өнегелі жолын жалғауға ниетті екенін танытты.

Мерекелік бағдарлама сахналық көрініспен жалғасып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Ән мен жырға толы кеште Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайым» әнін Жеткіншек Идеятов орындаса, «Айдай сұлу аруым» әнін Алхам Рамазан, «Дударай» әнін Зухра Иралиева шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің батасы – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, отбасы мен елдің амандығын тілейтін қасиетті сөз. Осы орайда ауыл ақсақалы Шәріп атаның батасы сұралып, ақсақал ақ тілегін арнады.

Кештің қорытынды сәтінде жиналған қауым Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін бірге орындады. Аналарға деген махаббат пен құрметті дәріптеген бұл ән мерекелік шараның мазмұнын тереңдете түсті. «Аналар жолы – мәңгілік өнеге» атты тағылымды кеш өткенге тағзым етіп қана қоймай, бүгінгі буынның да ата дәстүрді ардақтап, ұлттық өнерді жалғастыруға деген ықыласын көрсетті.

Гүлнұр ӨТЕУ



