Тұщықұдықтағы төл тойы

 

Малшылар күні... Ел дамуына өз өнімдерімен ерекше үлес қосып жүрген малшы ағайынның абыройын асқақтатып, мерейін үстеген күн бұл. Осынау мерейлі мерекелері қарсаңында қыр мен құм өңіріндегі тынымсыз тірліктің тамаша нәтижесі болып табылатын төл алу науқанын да өткізіп болып, арқа-басы бір кеңіп қалған малбегілердің мәре-сәре шағы бұл. Ал биылғы мерекелі сәтте тұщықұдықтық шаруалардың мерейі тіпті үстеді. Өйткені сол мереке қарсаңында шаруаларының дені құйқалы құм өңірін қоныс етіп жатқан аталған округтің Нарын құмындағы Айбасқа таяу Үшқызыл өңірінде төл тойы ұйымдастырылды.

Осындайда бұрындары да шаруаның осынау шырайлы шағының сол кездегі шаруашылықтардың күшімен шопандар тойын өткізетіні ойға оралады. Енді міне, сол игі дәстүрді тұщықұдықтықтар «тірілтіп» отыр. Ал «Нарындағы төл тойы» аталған бұл шараға алдымен аудан әкімі Нұрым Мусиннің, ауылдық округ әкімі Арслан Амировтың, аудандағы кейбір кәсіпорын-мекемелердің  қолдауына сүйенген Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық мәдениет үйінің басшылығы ұйытқы болды.

 

 

Маусымның 10-ы күні өткізілетін болып белгіленіп, атан жарысы мен тай бәйгеге, құнан бәйге мен аламан бәйгеге деп демеушілікпен жүлделер тағайындалған, ауыл өнерпаздарының күшімен концерттік бағдарлама да дайындалған тойдың жоғары деңгейде өткен шара болғанын алдымен айта кетсек артық емес дедік. Осынау той ұлттық  дәстүрлерімізді кеңінен насихаттап, ауыл тұрғындары мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе ат шабыс жарыстары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, шабандоздардың шеберлігі мен тұлпарлардың жүйріктігі көпшіліктің қошеметіне бөленді. 

 

 

Қиыр шеттегі Батыс Қазақстан облысынан, сонау Қызылқоға мен Индер, Құрманғазы аудандарынан, мына Мыңтөбе мен Айбастың өз айналасынан арнайы жеткізілген жүйріктер Нарынның наркескені Нұралы ақын талай жыр төккен осынау топырақты дүбірге толтырды. Сөйтіп аламанның бірінші орыны мыңтөбелік Жәнібек Сердекешовтің, екінші, үшінші орындары құрманғазылық Ілияс Ешмұратов пен қамысқалалық Бекбол Утеновтың жүйріктеріне бұйырды. Құнан бәйгенің бірінші жүлдесін Асыланбек Хайниевтің, екінші және үшінші орындарды батысқазақстандық Дәурен Табылдиев пен аққыстаулық Данажан Ыдырғалидың жүйріктері еншіледі.

 

 

Тай бәйгеде индерлік Армат Ғаббасовтың (1-орын), батысқазақстандық Дәурен Табылдиевтың (2-орын), мыңтөбелік Жәнібек Сердекешовтің (3-орын) жүйріктерінің жолы болды. Атан жарыста айбастық Арман Байдошевтің атаны алда келді.    

 

 

Концерттік бағдарлама да мазмұндылығымен есте қалды. Өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, ұлттық өнердің көркем үлгісін көрсетті. Мерекеге жиналған жұртшылық белсенді қатысып, жақсы әсер алды.

Жалпы, «Нарындағы төл тойы» ұлттық құндылықтарды дәріптеп, халықтың бірлігін нығайтқан, тәрбиелік мәні зор әрі есте қаларлық шара болды. 


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT