Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің 2006 жылғы, яғни 56-шы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай елге үлгі боларлық тағылымды іс ұйымдастырды. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасын қолдап, туған ауылын көгалдандыруға үлес қосты.

Түлектер мектеп ауласын абаттандыру мақсатында 100-ге жуық түп көшет отырғызды. Оның ішінде арша, күл ағашы және сәндік бұталар бар. Бұл бастама мектеп маңын көркейтіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам болды.

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру мәселесі қоғамдағы маңызды бағыттардың біріне айналды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей ағаш отырғызу – табиғатқа деген жанашырлықтың, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі. Осыны терең түсінген түлектер игі істі сөзбен емес, нақты әрекетпен дәлелдей білді. Біз де көпке үлгі боларлық бұл бастаманың куәсі болу үшін арнайы барып қайттық.

Шара барысында мектеп ауласында ерекше жылылық пен сағынышқа толы көңіл күй сезілді. Арада жиырма жыл өтсе де бір сыныпта отырып білім алған жандардың арасындағы сыйластық пен бауырмалдық өзгермеген. Осындай сәтте көпшіліктің көңіліндегі ортақ ойды түлектердің бірі Ернар Хатиетоллаұлы жеткізді. Оның айтуынша, табиғатты қорғау — әр азаматтың міндеті.
— Әрбір жан табиғаттың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуы керек. Табиғатты қорғау, оны аялау — бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз де осы бағыттан таймай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мектеп ауласына ағаш отырғыздық. Мұнда біздің ауызбіршілігіміз, ынтымағымыз және туған ауылға, білім ордасына деген жанашырлығымыз жатыр. Бүгін егілген көшеттер ертең үлкен саялы ағашқа айналып, келер ұрпаққа қызмет етеді деп сенеміз, -дейді ол.

Расында да, мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор. Себебі үлкендердің өнегелі ісін көрген жас буын туған жерге қамқор болудың маңызын түсінеді. Әсіресе мектеп ауласында егілген әрбір тал оқушыларға табиғатты аялау мәдениетін сіңіруге ықпал етпек. Бүгінгі түлектердің ісі де осы ұлттық таныммен үндесіп жатыр. Олар арттарынан із қалдыруды даңғаза тоймен емес, көпке пайдасы тиетін сауапты іспен байланыстырды.

Туған мектепке деген құрмет — тек мерекелік кездесумен шектелмеуі керек. Оған жанашырлық танытып, дамуына үлес қосу — нағыз азаматтықтың белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, 56-шы түлектердің бастамасы көпшілікке үлгі боларлық іс деуге толық негіз бар.

Еркебұлан УАЛИТХАН


