Аудан орталығында әр бейсенбі сайын «Туған жер – туған өлкем» атты салтанатты шара ұйымдастырылады. Бұл жолғы мерекелік жиынның тізгінін ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы ұстады.
Айтулы шара қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келді. Биыл бұл мереке қазақ мұнайының өндірістік тарихына 127 жыл толуымен сабақтасып отыр.
Тәуелсіздік алаңында өткен кеште «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі мен Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің жеке орындаушылары өнер көрсетіп, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Әр апта сайын өтетін кезекті салтанатты шарамызға қош келдіңіздер! Бүгінгі жиынды «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы ұйымдастырып отыр. Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні құтты болсын! Жаңа Қазақстанның іргесі берік болып, шынайы отансүйгіш жастардың қатары көбейе берсін. Еліміздің экономикасы одан әрі дамып, болашағымыз жарқын болғай! Бүгінгі кештің сәтті өтуіне тілектеспін,-деді аудан әкімі.
Кеш барысында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Жасұлан Жанайұлына және «Сармад» этно-фольклорлық ансамбліне аудан әкімінің атынан «Алғыс хаттар» табысталды.


Мерекелік концерттің шымылдығы Бауыржан Ақтайдың «Шашу» шығармасымен ашылды. Бұдан кейін оркестрдің жеке орындаушылары Бақытбек Сарсенов, Жәнібек Жәмиев, Аружан Ерімова, Жасұлан Базарбаев, Аманжан Басигариев және Мырзабек Каримуллаев көпшілікке ұлттық өнердің жауһарларын ұсынды.





Әуезді ән мен күмбірлеген күйге ұласқан концерттік бағдарлама Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді. Атаулы мерекеге арналған әсерлі кештен ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.




