Туған жердің тарихын түгендесіп...

 

Аудандық музейі жанынан құрылып, туған жер тарихының ақтаңдақтарына үңіліп, өткенімізді түгендеп жүрген «Мирас» өлкетанушылар клубы соңғы жылдары көптеген игі істердің ұйытқысы болып келе жатқаны белгілі. Жыл басы – әз Наурызды қарсылар сәтте бас қосқан клуб мүшелері өткен жылды қорытындылап, алда атқарылар істерді саралады. Мәжілісте журналист өлкетанушы, клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев баяндама жасап, өлкетанушылар мен музей қызметкерлерін жылан жылы жасалған жұмыстардан хабардар етті.

-Өткен жылы клуб мүшелері облыстық, аудандық архивтерде Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Новобогат ауданы еңбеккерлерінің тылдағы еңбектері жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аудандық архив мекемесінде архив қызметкерлерімен кездесіп, архив қорымен танысты. Сондай-ақ, жыл ішінде мектептерде оқушылармен, ауылдарда тұрғындармен 36 кездесу өткізіп, аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған конференциялар мен басқа да шараларға қатысып, туған жер тарихы мен танымал тұлғалары туралы әңгімеленді, - деді төраға.  

Баяндамада айтылғандай, Атырау қаласындағы «Елсана» руханият клубында «Маңдай тер» кітабының авторы М. Өтеғалиев және кітап кейіпкері, ауыл шаруашылығы ардагері, атақты малбегі Ж.Мүтиевпен кездесу, Махамбет аудандық орталық кітапханасында «Мирас» өлкетанушылары шығарған «Мұрасы мол мекен» жинағының таныстырылымы және клуб мүшелерінің ардагерлермен жүздесуі ұйымдастырылуы, Жеңістің 80 жылдығына «Новобогат ауданы – Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында 10 мектепте оқушылармен және мұғалімдермен өткен кездесулер, соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, шежіреші Сидеғали Нұрмановтың 125 жылдығына орай Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектепте өткен «Ғасырлармен тілдескен ғұмыр» танымдық шарасы, атақты домбырашы, белгілі педагог Ғ. Мәсәлімовтің 100 жылдығына арналған аудандық шарасы аясында «Ғ.Мәсәлімов: педагогтық қызметі және өнері» атты ғылыми-практикалық конференциясы, Айбаста туған қарт өнерпаз Уәп Қабдікәрімовтың 85 жасқа толуына байланысты Махамбет аудандық мәдениет үйінде «Өнермен ұштасқан өмір» шарасына аудан өлкетанушыларының қатысуы, Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка академиясында өткен ардагер ұстаз Б.Мұхтарованың 85 жасқа толуына арналған облыстық ғылыми-практикалық конференцияда клуб төрағасының «Ғибатолла Мәсәлімов – білім мен өнерді тең тұтқан біртуар тұлға» тақырыбында баяндама жасауы атқарылған істердің негізгілері болды. Сондай-ақ, клуб мүшелерінің өлкетану, жеке тұлғалар және басқа да тақырыптардағы 40-қа тарта мақаласы баспасөзде жариялануы, клубтың жұмысы жөнінде теледидарда және газет беттерінде 14 хабар берілуі, «Атырау өлкетану оқулары» ІІ облыстық ғылыми тәжірибелік конференциясында клуб мүшелерінің жасаған баяндамалары облыстық тарихи-өлкетану музейі шығарған жинаққа енгізілуі де, өлкетанушылар М. Өтеғалиевтің «Тағдыр сыйы» және М. Насихановтың «Өркені өскен өңір» атты авторлық кітаптары жарық көруі де аз жұмыс емес. Клуб мүшесі, мұғалім А.Тілекқызы Азаматтық қоғамның әлеуметтік жобалар байқауына қатысып, «Асыл мұра» бағытында «Мұраға сапар» жобасы бойынша 1 млн теңгенің сертификатына ие болды. Мырзағалиев орта мектебінің 7–8 сынып оқушыларын аудан көлеміндегі тарихи ескерткіштермен таныстыру жорығы ұйымдастырылды.

Өлке тарихы және қасиетті адамдар, өнер дәстүрін жалғастырушылар, ел ардақтылары жобалары бойынша 6 кәсіпорын-мекеменің тарихы, тізімделген 100-ден астам тұлғалардың 60 пайызының материалдары дайындалды. Бұған дейінгі жоспар-жобаларға тылда еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталған жерлестеріміз, елді мекендер де көше атауларын иеленген соғысқа қатысушылар туралы деректер мен материалдар жинақталуда.

Жалпы жыл бойына «Мирас» өлкетанушылары 5 рет бас қосып, жасалатын жұмыстарды жоспарлап, атқарылып жатқан істерді сараптап отырған екен. Мұның бәрі қоғамдық негізде, өз бастамаларымен ерікті түрде жұмыс жасап отырған шағын клуб үшін аз жүмыс емес деп ойлаймыз. Басқосуда сөз алған клуб мүшелері Алтынай Сағынғалиева, Қабира Каюмова Мөлдір Тұралиева мен осы жолдардың авторы қазіргі уақытта әзірлену үстіндегі «Мұрасы мол мекен» жинағының II кітабына енетін, бұрын еш жерде жарияланбаған есімі елге белгілі емес талантты тұлғалар туралы жүргізіп жатқан зерттеулері жөнінде айтып өтті.

Жиында аудандық музейдің басшысы Әліби Хайдаров өткен жылы өлкетанушылар атқарған жұмыстарға ризашылық білдіріп, алдағы уақытта музей қорын ел ішінде сақталған жаңа жәдігерлермен толықтыру жұмысына да қол ұшын берсе деген өтінішін жеткізді. Дана халқымыз «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» дейді. Осы тұрғыдан келгенде туған жер тарихын жас ұрпақ санасына санасына сіңіруде тың бастамаларымен көрініп келе жатқан өлкетанушылардың жемісті жұмысы алда да жалғасын таба бермекші. 


Мүтиғолла НАСИХАНОВ, 
тарихшы-өлкетанушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT