«Tungi Run 2026» жүгіру додасында топ жарған исатайлықтар

 

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Атырау қаласында «Tungi Run 2026» түнгі жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Мұндағы басты мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және қоғам назарын есірткіге қарсы күрес мәселесіне аудару.

Жарысты Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Ақсұңқар» қоғамдық қоры және Run Club Atyrau жүгіру клубы бірлесіп өткізді.

Спорттық шараға өңірдің белсенді тұрғындары қатысып, 3 және 5 шақырым қашықтықтар бойынша өз бақтарын сынады. 500-ден астам марафоншы жиналған дүбірлі додада ауданымыздың Isatai Run Club жүгіру клубының 16 мүшесі де белсенді қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша «Isatai Run Club» жүгіру клубының мүшесі Жайдарман Мұхтарова жоғары нәтиже көрсетіп, 5 шақырымдық қашықтықта жүлделі ІІІ орынды иеленді Аталған клубтың жетекшісі Бекзат Қуандықұлы бұл жетістіктің артында үлкен еңбек жатқанын атап өтті.

– Иә, бұл бір ғана адамның емес, бүкіл командамыздың жетістігі. Таңмен таласа тұрып, кешке дейін үздіксіз өткізген жаттығуларымыздың, табандылығымыз бен бірлігіміздің жемісі деп білемін. Жарысқа қатысқан әрбір мүшеміз бар күш-жігерін салып, ауданымыздың мерейін үстем етуге атсалысты. Сондықтан бұл жетістікке барлығымыз ортақпыз. Осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз, – деді ол.

Сондай-ақ, клуб мүшесі Бекзат Нәсіпқали жарыс аясында ұйымдастырылған лотерея ойынына қатысып, жолы болып велосипед ұтып алды. Бұл жағымды жаңалық қатысушылардың қуанышын еселей түсті.

Бұл жетістік спортшының жүйелі дайындық пен табандылықтың арқасында қол жеткізген нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, оның жеңісі жастарды спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратын жарқын үлгі.

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT