Тұщықұдық ауылының мәдени өмірінде көптен күткен қуанышты оқиға орын алды. Бүгін мұнда 100 балаға арналған жаңа саз мектебінің ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары талай жылдан бері көтеріп келген мәселенің оң шешімін табуы – жас ұрпақтың өнерге деген талпынысын қолдап, ұлттық мәдениеттің дамуына жасалған маңызды қадам. Енді ауыл балалары заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа ғимаратта білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын болады.

Жаңа өнер ордасының ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тілепберген, ардагер ұстаздар, ауыл тұрғындары мен ата-аналар қатысты.



Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин жаңа ғимараттың ауыл тұрғындары үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнер мектебінің жаңа ғимаратын салу мәселесі бұған дейінгі кездесулерде де бірнеше мәрте көтеріліп, көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бірі болған.
– Бұл ғимарат – көптің сұрауы, талай кездесуде көтерілген мәселе. Бүгін, міне, сол тілектің орындалып, ел игілігіне беріліп жатқан сәтіне куә болып отырмыз. Жаңа нысанды уақытында әрі сапалы аяқтаған «СМК Атырау» серіктестігіне алғысымыз шексіз. Бұл – жергілікті атқарушы орган мен облыстық басқармалар бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Қолдау мен бірлік болған жерде халық игілігіне бағытталған жұмыстар жалғасын табады деп сенемін, – деді аудан әкімі.

Одан кейін сөз алған облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов Исатай ауданында білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар өзекті мәселенің кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ жаңа өнер мектебінің ашылуы балалардың жан-жақты дамуына, олардың бойындағы шығармашылық қабілетті анықтап, өнерге баулуға мүмкіндік беретін маңызды нысан екенін атап өтті.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – жаңа ғимараттың кілтін табыстау рәсімі болды. «СМК Атырау» ЖШС басшысы Ертай Салаватов нысанның кілтін өнер мектебінің директоры Ербол Ақтановқа салтанатты түрде табыстады.


Ал лента қию құрметі ұзақ жылдар ауылдық округ әкімі қызметін атқарған мемлекеттік қызмет ардагері Мутиғолла Насиханов пен ардагер ұстаз Жанат Бисенғалиеваға бұйырды. Осылайша, көптен күткен жаңа өнер ордасының есігі жас өнерпаздарға айқара ашылды.

Ашылу рәсімінен кейін жиналғандар ғимаратты аралап, оқу кабинеттерінің жабдықталуымен танысты. Жалпы аумағы 470 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат балалардың өнердің сан түрлі бағыты бойынша білім алуына бейімделген.

Мұнда домбыра, сырнай, қобыз, фортепиано, би және терме бағыттарына арналған арнайы оқу сыныптары бар. Бұдан бөлек, арнайы айналармен жабдықталған би залы мен LED экраны орнатылған акт залы қарастырылған. Әрбір бөлме тиісті құрал-жабдықтармен жасақталып, оқу үдерісін талапқа сай ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалған.

Бүгінде өнер мектебінде 12 педагог еңбек етіп, 120 оқушының шығармашылық қабілетін шыңдауға атсалыспақ. Мұндағы 100 балаға арналған жаңа ғимараттың іске қосылуы ауылдағы қосымша білім беру мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға жол ашады. Әсіресе, домбыра мен қобыз сынды дәстүрлі аспаптарды меңгеріп, терме өнеріне ден қоюға мүмкіндік берілуі – ұлттық мұраны кейінгі буынға жеткізудің бір тетігі.

Жаңа ғимараттың құрылысы облыстық Құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асқан. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл тамызда толық аяқталды. Жобаны «СМК Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер мекеме ретінде жүзеге асырған. Нысан құрылысына 333,7 миллион теңге бөлінген.

Ашылу салтанатына қатысқан ардагер ұстаз Қабира Қаюмова да ауыл халқының көптен күткен тілегінің орындалғанына қуанышын білдірді. Ол жаңа ғимараттың, әсіресе, өнерге құштар жас буын үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Талай мәрте мінберде көтерген мәселеміздің ескерусіз қалмай, оң шешімін тапқанына қуаныштымыз. Осы уақытқа дейін өрендеріміз кеңес дәуірінен қалған ескі ғимаратта білім алып келсе, енді, міне, заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа нысанға көшіп жатырмыз. Біздің ауыл қашанда өнерге бай, талай дүлдүлдің қанат қаққан мекені. Сол өнерпаздардың ізін жалғайтын – бүгінгі жастар, кейінгі ұрпақ. Енді олардың қолайлы ортада білім алып, өнер жолында қанат жаюына мүмкіндік туып отыр. Осындай жағдай жасаған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне және барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді ардагер ұстаз.
Расында, Тұщықұдықтағы жаңа саз мектебінің ашылуын тек кезекті әлеуметтік нысанның іске қосылуы деп бағалауға болмайды. Бұл – ауылдың рухани өміріне серпін беріп, өнерлі ұрпақтың қалыптасуына негіз болатын игілікті іс. Өйткені бала бойындағы қабілетті дер кезінде танып, оны дамытуға мүмкіндік жасау – болашаққа салынған инвестиция. Ал өнерге баулу – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудың маңызды жолы.
Кезінде ескі ғимаратта өнерге алғашқы қадамдарын жасаған жас талаптардың енді жаңа ортада қанат қағуына мүмкіндік туды. Ендеше, Тұщықұдықтың жаңа өнер ордасынан түлеп ұшқан таланттар ауыл мерейін асырып, аудан мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосады деген сенім бар.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН



