Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік – өздігінен қалыптасатын құбылыс емес, ол күнделікті жүйелі еңбектің, нақты бақылаудың нәтижесі. Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам дамуының басты бағытына айналып, құқық үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде айқындалуда. Әсіресе қылмыстың сипаты өзгеріп, интернет алаяқтық секілді жаңа қауіп-қатерлер көбейген шақта құқық қорғау саласына жүктелер жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – кез келген мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы мен құқық қорғау органдарының оны мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етуі – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі кепілі. Осы бағытта ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы аудан аумағында қылмыспен күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық шараларды күшейту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар заманауи қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету, әсіресе интернет алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзектілігін жоймайды. Осы және өзге де маңызды мәселелер төңірегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Үмбеталиевпен сұхбаттасқан едік.
– Манарбек Ғаділбекұлы, ауданымыздағы қылмыстық ахуал қандай? Жалпы көрсеткіштер туралы айтып өтсеңіз.
– Өткен жылдың қорытындысына сәйкес ауданымызда барлығы 58 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 11,5 пайызға өсіп отыр. Қылмыстардың ашылу деңгейі 64,2 пайызды құрайды. Тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігі орташа ауырлықтағы қылмыстар болып табылады. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында кешенді шаралар қолға алынып, жедел әрекет ету топтарының жұмысы күшейтілді. Құқық қорғау органдары тарапынан әрбір тіркелген іс жіті бақылауға алынып, кінәлілерді жауапкершілікке тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жедел іздестіру шараларының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы қылмыстың алдын алу жұмыстары да күшейтілуде. Соңғы уақытта алаңдатып отырған мәселелердің бірі – интернет алаяқтық. Өткен жылы аудан аумағында алаяқтықтың 28 дерегі тіркелді. Оның 14-і аяқталып, қалған 14 іс бойынша тергеу мерзімі үзілді. Жалпы алаяқтық қылмыстарының ашылу көрсеткіші 50 пайызды құрап отыр. Бұл, әрине, қоғам үшін маңызды мәселе. Интернет алаяқтықтың көбеюі тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке жеткілікті мән бермейтінін көрсетеді. Сондықтан полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, тұрғындарға арналған арнайы жадынамалар таратылып, мектептер мен мекемелерде түсіндіру кездесулері ұйымдастырылуда. Дегенмен бұл бағытта тек полиция емес, бүкіл қоғам болып жұмыс істеу қажет деп есептеймін.

– Жоғарыда атап өткен шаралар мен қылмыстық ахуалды ескерсек, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында нақты қандай өзгерістер бар?
– Қоғамдық тәртіпті сақтау – біздің негізгі міндетіміз. Бұл бағытта бірқатар оң нәтижелер бар. Мысалы, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны өткен жылы 3 болса, биыл 1 жағдай ғана тіркелді. Көшеде жасалған қылмыс та 1 жағдайды құрады. Сонымен қатар бұрын сотталған адамдардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 7-ден 5-ке төмендеді. Бұл профилактикалық жұмыстардың нәтижесі деп айтуға болады. Бұған қоса, учаскелік инспекторлардың тұрғындармен тығыз байланыс орнатуы да өз әсерін тигізіп отыр. Қоғаммен кері байланысты нығайту құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Алайда кейбір көрсеткіштер алаңдатады. Мысалы, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар 3-тен 6-ға өсті. Мас күйде жасалған құқық бұзушылықтар да 3-тен 4-ке көбейді. Бұл қоғамда әлі де болса тәртіп пен жауапкершілік мәселесіне мән беру қажет екенін көрсетеді. Осыған байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша арнайы бағдарламалар мен түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Сонымен қатар дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмыстар да қолға алынуда.
– Ересек азаматтардан бөлек, болашақ өсіп келе жатқан жасөспірімдерді тәртіпке баулу да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы ретте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Жалғасы газеттің №12 (4277) санында
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


