Тәжірибелі фельдшер

 

Адам өмірінде аяқ астынан жүрек талмасы, қан қысымының көтерілуі немесе түрлі жарақаттар алу жағдайлары болмай тұрмайды. Сондайда сырқат алдымен «Жедел жәрдемге» жүгінеді. Көмек сұрап шақырғандарға күн-түн демей, ыстық-суыққа қарамай аттанатын осынау қызмет мамандары - көптің алғысын алып жүрген жандар. Бұл салада үздіксіз тер төгіп келе жатқан Исатай дәрігерлік амбулаториясында жоғары санатты  фельдшер қызметін атқаратын Бегімбетов Асқар Жолдасұлы -  өз ісінің білікті маманы.

Туған жерге қызмет ету бақыт десек, Асқар Жолдасұлы өзінің кіндік қаны тамған алтын ұясына бар ғұмырын арнап келеді. Ол 1969 жылы Исатай ауылында қарапайым теміржолшылар отбасында өмірге келді. Мектепте белсенді оқушылар қатарында болды. Бала көңілі дәрігер болуды қалап, 1986-1890 жылдары Гурьев медициналық училищесінде фельдшер мамандығында білім алды. Білім алып жүріп, 1987 жылы әскер қатарына шақырту алып, 1987-1989 жылдары Амур облысында азаматтық борышын өтеп оралды.

Еңбек жолын 1991 жылы Ембі ауданына қарасты «Тенгиз Шевройл» емханасында жедел жәрдем бөлімінде бастап, 1993 жылға дейін фельдшер болып қызмет еткен. Ал 2003 жылға дейін туған ауылындағы  теміржол бөлімшесінде фельд-шер болып, 2007 жылы Исатай дәрігерлік амбулаториясына ауысты. 2008-2012 жылдар аралығында Теңіз қалашығы «Интертич» компаниясында фельдшер болып тер төкті. 2013 жылдан бері Исатай дәрігерлік амбулаториясында фельдшер мамандығы бойынша қызмет атқарып келеді. Жоғары санатты фельдшер қызмет барысында бірнеше тосын да қызықты оқиғаларды бастан кешірді, қиындықтарға да кезікті, бәріне төзді.

- Мен осы салада 35 жыл қызмет етіп келемін. Қазіргі уақытта жоғары санатты фельдшермін. Фельдшер болғысы келетіндерге айтарым, заманға сай аппараттармен жұмыс істеуге және үнемі ізденісте болып, әрдайым білімін жетілдіруі керек. Медицина саласында жұмыс істеу оңай емес. Ол үшін адамға білімді болу аздық етеді, таңдаған мамандығыңды жан-тәніңмен сүюің керек. Мейірімділік, қайырымдылық сынды адамгершілік қасиеттер де ақ халаттылардың мерейін өсіреді. Медицина қашанда сұранысқа ие, мұнда жақсы маман болу, халықтың алғысына бөлену көп жағдайда маманның өзіне байланысты. «Жедел жәрдем» қызметінің мамандары жол-көлік апаттары орын алған жерлерге барады, оқыс оқиғалардан жарақат алғандармен де жұмыс істейді. Дәрігерлерді осындай психологиялық жүктемеге уақыт шыңдайды екен. Екіншіден, өзінің мамандығын жақсы көрген адам оның қиындығына да төзеді.-дейді ол.

Әр күні өмір үшін күрестен тұратын денсаулық сақшысы Асқар Жолдасұлының қауіп-қатермен бетпе-бет келген кездері көп екен. Соның ішінде кешегі пандемияның кезіндегі уақытпен санаспай дертпен күрескен қиын күндер есте қалды. Ауылдастарының сау-саламаттығы үшін қауіпті вируспен күресте алғы шепте жүрген ерлігі өз алдына бір төбе. Нағыз батыр ма дерсің! Ауысымдық кезекшілікте тұрған күндері ауылға келген әр мейманды медициналық тексерістен өткізу үшін де үлкен жүрек керек. Осындай жауапты істе қайсарлық танытып, ауылдастарының қауіпсіздігі үшін алтын уақытын сарп етіп, қанша күн  отбасынан жырақта жүрді.

Ер-азаматтың абыройын асырып, қалтқысыз еңбек етуі үшін қамқорлығын аямаған асыл жары Алтын Лұқпанқызының көмегі өз алдына бір төбе. Екеуінің тату-тәтті отбасында 6 перзент өмірге келді. Қыздарын қияға қондырып, ұлын үйлендіріп, олардан немере сүйіп отырған аяулы ата-әже. Балаларының үшеуі медицина саласында қызмет етеді. Кіші ұлы ауылда фельдшер болса, қызы қаладағы кардиоорталықта мейірбике. Ал үлкен ұлы дантист болып қызмет етеді.

Бақытының кілтін еңбектен тапқан Асқар Жолдасұлы: «Барға қанағат, жоққа шүкіршілік ете білген адамның әрқашан жүзі жарық болады екен» дейді зор қанағат сезіммен.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT