Жақында өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өкілдері ауданға арнайы іссапармен келіп, мектеп бітіруші түлектермен кездесті.Кездесудің басты мақсаты – болашақ талапкерлерге университеттің білім беру мүмкіндіктері, мамандықтар спектрі мен оқу үдерісі туралы жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ жас түлектерге мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар көрсету болды.
Алғы сөзді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева сөйлеп, арнайы келген қонақтарға қош келдіңіз айтып, мұндай кездесулердің оқушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол мектеп бітіруші түлектердің алдағы үлкен өмірге қадам басар шағында дұрыс мамандық таңдаудың маңызына тоқталып, жоғары оқу орындарының ұсынатын академиялық мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады.

Кездесуге аудан бойынша 11 мектептен 250-ден астам 11-сынып оқушысы қатысты. Қаладан арнайы келген университет өкілдері оқу орнының білім беру мүмкіндіктері, мамандық түрлері, грантқа түсу талаптары, студенттік өмір мен академиялық бағдарламалар жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Шараға кәсіби бағдар және маркетинг бөлімінің жетекшісі Рауза Қанатбаева, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының сеньор-лекторы Гүлназым Уразова, қаржы және есеп кафедрасының сеньор-лекторы, магистр Райхан Турдалиева, журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының сеньор-лекторы Гүлсара Қайрова, география және туризм кафедрасының сеньор-лекторы Арман Жұмағазиев, аударма ісі және шетел тілдері кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Лаура Мұратова қатысты.

Жиын барысында оқушылардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріліп, әр маман өз саласы бойынша нақты ақпарат ұсынды. Сонымен қатар студенттік өмірдің қыр-сыры, тәжірибеден өту мүмкіндіктері мен шығармашылық бағыттар туралы кеңінен түсіндірілді.
– Біз үшін ең бастысы – оқушыларға болашақта таңдайтын мамандығы бойынша нақты әрі шынайы ақпарат беру. Студенттік өмір, практикалық тәжірибе, академиялық ұтқырлық сияқты мүмкіндіктерді түсіндіру арқылы олардың сенімді қадам жасауына септігімізді тигіземіз,-дейді кәсіби бағдар және маркетинг бөлімінің жетекшісі Рауза Қанатбаева.

Осындай мазмұнды кездесулер мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беріп, өмірлік жолын айқындауға мүмкіндік беретіні анық.
Сағыныш ҚАЙЫР


