Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты жалпыұлттық референдумға Исатай ауданында вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтар да белсенді қатысуда. Мұнайлы өңір саналатын аудан аумағында ірі мұнай-газ өндіру кәсіпорындары орналасқандықтан, өндірістік алаңдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің дауыс беруіне де арнайы жағдай жасалды.
Исатай ауданында «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ, «Каспий Құбыры Консорциумы-Қ» АҚ, «ПотенциалОйл» ЖШС, «СветландОйл» ЖШС, «КазТрансОйл» АҚ ЗУОУ, «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС және «Тайман» газ сығымдау станциясы сияқты бірқатар мұнай-газ компаниялары жұмыс істейді.
Аталған кәсіпорындарда вахталық әдіспен еңбек ететін, референдумға қатысу құқығы бар 1094 азамат тіркелген. Оның ішінде 180 қызметкер референдум учаскелеріне келіп дауыс береді, ал 914 азаматқа референдум комиссиясының мүшелері өндірістік алаңдарға барып дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды.

Исатай аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтың айтуынша, компаниялар дауыс беру процесін ұйымдастыруға қолдау көрсеткен.
– Компаниялар заңнама талаптарына сәйкес референдум комиссиясының қарамағына шалғай өндірістік алаңдардың аумағында референдум өткізуге қажетті үй-жайларды, жабдықтар мен көлік құралдарын ұсынды. Азаматтардың құпия дауыс беру құқығын қамтамасыз ету мақсатында кабиналар жабдықталды. Бұл өндірісте жүрген азаматтардың да өз конституциялық құқығын толық пайдалануына мүмкіндік береді,-деді ол.
Осылайша, өндірістік нысандарда еңбек етіп жатқан мұнайшылар да ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды.
Сағыныш ҚАЙЫР


