Ветеринария АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ

 

Ел экономикасының күретамыры саналатын ауыл шаруашылығының өркендеуі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Ал бұл саланың тұрақты дамуын ветеринария қызметінсіз елестету мүмкін емес. Төрт түліктің саулығын сақтап, жұқпалы аурулардың алдын алып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринар мамандарының еңбегі өлшеусіз. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беруі ветеринария саласының да жаңа серпін алуына жол ашты. Соның жарқын көрінісі ретінде соңғы екі жылда кәсіби мерекелер қатарына «Ветеринариялық қызметкер күні» енгізіліп, сала мамандарының еңбегіне көрсетілген зор құрметке айналды. Бүгінде ауданда 39 ветеринар маман эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оның ішінде 13 маман жоғары білімді болса, 26-сы арнаулы орта білім алған білікті қызметкерлер. Кәсіби мереке қарсаңында біз «Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Исатай аудандық ветеринария стансасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Асланбек Шариповпен байланысып, саланың бүгінгі ахуалы, атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде әңгімелескен едік.

–Асланбек Мырзабекұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Жалпы мемлекет тарапынан ветеринария саласына көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтып өтсеңіз. Сонымен қатар, бүгінгі күні салада қандай өзекті мәселелер сақталып отыр?

– Соңғы жылдары мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлуі ветеринария саласының да дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде салаға жас мамандар көптеп келіп, кадр тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Қандай да бір маманнан сапалы жұмыс талап ету үшін, ең алдымен, оған қолайлы еңбек жағдайын жасау қажет деп есептейміз. Бүгінде аудандағы ветеринариялық пункттер қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен олардың атқаратын қызметі аса жауапты әрі қауіпті. Себебі мамандар жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы тірі вакциналармен тікелей жұмыс істейді. Соған қарамастан, зиянды еңбек жағдайлары үшін ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан ветеринар мамандарының еңбегі зиянды жұмыстар санатына енгізіліп, тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілуі қажет деп санаймыз.
Цифрландыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданда тіркелген 2130 жеке және заңды тұлғаның қазіргі таңда небәрі 507-сі немесе 24 пайызы ғана тиісті мобильді қосымшаны тұрақты пайдаланады. Бұл көрсеткіш ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін аңғартады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Жылдың алғашқы жартыжылдығында жоспарланған 7100 бас ірі қараның 3434-і, 10800 бас ұсақ малдың 3409-ы, 2000 бас жылқының 598-і және 750 бас түйенің 119-ы ғана есепке алынды. Алайда бұл жұмыстар күнделікті жүргізілетіндіктен, мәліметтер дерекқор базасына тұрақты түрде енгізіліп, жаңартылып отырады.
«Ветеринария туралы» Заңның 25-бабына сәйкес әрбір жеке және заңды тұлға ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді (сырғалау, таңбалау) қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ малды сату, сою, сыйға беру немесе иесінің тұрғылықты мекенжайы өзгерген жағдайда бұл өзгерістер міндетті түрде компьютерлік дерекқорға және жануардың ветеринариялық паспортына енгізілуі тиіс. Ал жануарларды тасымалдау, басқа елді мекенге көшіру немесе мал базарына шығару кезінде ветеринариялық анықтама алу заң талабына сәйкес міндетті болып табылады. Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық мәлімет бірыңғай электронды дерекқорда сақталады. Бұл–ветеринариялық қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, сала мамандарының жұмысын жеңілдетуге және ветеринарияның беделін көтеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

– «Медицина  адамды, ал ветеринария  бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің ұран емес, күнделікті қажеттілік екенін ұғатын кез жеткен сыңайлы.

– Мал дәрігері маманы қызметінің тағы бір қыры – ол қауіп-қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгілінде болмасын белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті алдымен мал дәрігері тексеріп, ем-дом шараларын атқарады. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап аудан аумағында дәл осындай алаңдатарлық ахуал тіркелді. Төрт бірдей ауылдық округте – Зинеден, Исатай, 17-бекет елді мекені мен Жанбайда мүйізді ірі қара малы арасында белгісіз сипаттағы сырқат белгілері байқалып, бұл жағдай мамандарды шұғыл әрекет етуге мәжбүр етті.
Алғашында ірі қараның ауыз қуысына жара шығуы, жем-шөпке тәбетінің болмауы секілді белгілер қарапайым сырқаттай көрінгенімен, оның астарында аса қауіпті жұқпалы індеттің жатқаны кейін анықталды. Ауру малдан жедел түрде сынамалар алынып, еліміздегі жетекші ғылыми мекеме – Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» ШЖҚ РМК-на жолданды. Зерттеу нәтижелері көп күттірмеді, төрт округтің малдарынан вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит ауруларына «оң» нәтиже тіркелді. Бұл – індеттің жай ғана оқшау жағдай емес, жүйелі қауіпке айналғанының айқын көрінісі.

–Қазіргі уақытта ауданда эпизоотиялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға бола ма?

–Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан көлемінде ірі қара мал арасында тіркелген ауруларға жүргізілген талдау әр ауылдық округтегі эпизоотиялық ахуалдың әркелкі екенін көрсетті. Жалпы есеп бойынша 1095 бас ірі қарадан ауру анықталған. Аурудың ең жоғары көрсеткіші Исатай ауылдық округінде тіркелді. Мұнда 34 жеке тұлға мен 2 шаруа қожалығына тиесілі 361 бас ірі қара ауырған. Ветеринариялық мамандардың уақытылы жүргізген емдеу шараларының нәтижесінде барлық мал толық сауығып, қазіргі уақытта ем қабылдап жатқан мал жоқ. Аққыстау ауылдық округіне қарасты 17-бекет елді мекенінде 8 жеке тұлғаға тиесілі 67 бас ірі қарадан ауру анықталған. Барлық мал толық емделіп, сауығып шыққан. Зинеден ауылдық округінде 39 жеке тұлға мен 1 шаруа қожалығына тиесілі 235 бас ірі қара арасында ауру тіркелді. Оның 234 басы толық айықты. Жанбай ауылдық округінде 105 жеке тұлғаға тиесілі 432 бас ірі қара ауырған. Жалпы алғанда  ауру 186 жеке тұлға мен 3 шаруа қожалығының малдары арасында тіркелген. Кейін ауру ошақтарында тиісті сала мамандары тарапынан дезинфекциялық жұмыстар жасалды. Ең бастысы, аурудан мал шығыны немесе өлім-жітім дерегі тіркелген жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT