Ветеринарлар құрметке бөленді

 

10 шілде - ветеринариялық қызметкері күні қарсаңында ауданда сала ардагерлері мен мамандарын ұлықтауға арналған тағылымды кездесу өтті. Мерекелік шараға аудан басшылығы, ветеринария саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Биылғы кездесудің басты ерекшелігі – салтанатты жиынның әдеттегідей әкімдік ғимаратында емес, Қамысқала ауылдық округіндегі Рысбай Ғабдиев атындағы саябақта, табиғат аясында ұйымдастырылуы болды. Ашық аспан астында өткен әсерлі басқосу қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлап, мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
Шараның шымылдығы кәсіби мерекенің мән-маңызы мен ветеринария қызметінің қоғамдағы орны туралы баяндаумен ашылды. Жүргізуші ветеринария мамандарының мал саулығын сақтаудағы, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі және халық денсаулығын қорғаудағы еңбегіне ерекше аталды.


Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин ветеринария саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың адал еңбегі мен жауапкершілігінің ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. 

– Ветеринар мамандары қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, мал арасында кездесетін түрлі аурулардың алдын алып, анықталған жағдайда дер кезінде емдеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төрт түліктің амандығы мен ауданымыздағы эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы – осы сала мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді аудан әкімі.

 

Сонымен қатар бірқатар сала мамандарына марапаттар табыс етті.Шара барысында облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен Зинеден ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Зинелғабиден  Губашев иеленсе, аудан әкімінің Алғыс хатымен «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» республикалық мемлекеттік мекемесі Атырау филиалының басшысы Мақсот Кемелбаев, Аққыстау ауылдық округі ветеринариялық пунктінің фельдшері Қуаныш Мұғалім және Зинеден ауылдық округінің ветеринариялық санитария дәрігері Сембай Күлкеншбаев марапатталды.

 

 


Келесі кезекте аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Әрі қарай марапаттау легін жалғастырып, ветеринария саласының дамуына қосқан үлесі үшін Аққыстау ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Дарын Аманқосұлына, Жанбай ауылдық округінің ветеринариялық пункті фельдшері Жандарбек Асылбекұлы мен Нарын ауылдық округінің ветеринариялық пункті фельдшері Арсен Төлегенге аудандық мәслихаттың Алғыс хатын табыстады.

 


Мерекелік кездесуде аға буынның ізін жалғар жас мамандар қатарының көбейгені де көңіл қуантты. Бұл туралы «Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Асланбек Шарипов айтып, бүгінде жастарды салаға тарту бағытында көрсетіліп жатқан қолдау мен жасалып отырған мүмкіндіктерін атап өтті.Әсіресе, ұзақ жыл табан аудармастан қызмет еткен сала ардагерлерінің еңбегі орасан зор екенін тілге тиек етіп, Тұщықұдық ауылдық округі ветеринариялық пунктінің фельдшері Сарин Жұмажан  І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы орынбасарының Алғыс хаттары Исатай ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Заманбек Қарабалинге, Қамысқала ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Артур Өтепқалиевке және Жанбай ауылдық округі ветеринариялық пунктінің фельдшері Гүлсара Қангерееваға табыс етілді.
Марапаттау рәсімінен кейін өнерпаздар әннен шашу шашып, жиынның мерекелік сәнін кіргізді.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT