Ынтымағы ұйыған ауыл

 

Қазақта «Ырыс алды - ынтымақ» деп бекерге айтылмаған. Берекелі бірлікке, сыйластықты тірлікке бастайтын сол ынтымағымыздың көрініс берер тұсы – жыл сайынғы Наурыз мейрамы десек болады. Бұл жағымды жайт соңғы жылдары Барлаушы, Жаңа ауыл, Дәрісқали ата, Күнбатыс, Әуежай, Орталық мөлтек аудандарына бөлінген Тұщықұдық ауылындағы жыл басын қарсылау кезінде де айқын аңғарылып келе жатқаны сүйсінтеді. 

 

 

Биыл да олардың әрқайсысы ауылдық округ әкімдігі белгілеген жерге көрсетілген ретпен киіз үйлерін тігу арқылы «Этноауыл» құрып, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, түрлі ойындар мен тағылымды шаралар ұйымдастыруы ауылдастардың сол бір ынтымақты тірлігінің арқасында Наурыздың шынайы келбетін айшықтай түскендей. Ал оның осылай болуына әр мөлтек ауданның белсенді азаматтары ұйытқы болып, үлкендері ақыл-кеңестерін берсе, тұрғындар қаржылай да қолдау жасады, мөлтек ауданның келіндері ет асып, наурыз көжелері мен бауырсақтарын, басқа да дәмдерін дайындады, өнерлі жастары ән-күйден шашу шашып, бесік той, тұсау кесу, тоқым- қағар, тай мінгізу, құда түсу, беташар сияқты ұлттық салт-дәстүр көріністерін сахналады. 

 

 

Осылайша әр мөлтек аудан мерекенің көркін қыздырып, той тамашасына жиылған жұртшылыққа шаттық сыйлауы – ауылдастардың ынтымақ- бірлігінің, ұйымшылдығының өміршеңдігін паш етті. 

Ауыл, аудан басшылары да осынау қуаныштың ортасынан табылып, игі тілектерін жолдады, өнегелі істерге өз ризашылықтарын білдіре марапаттарын да ұсынып жатты.«Тұщықұдық ауылында Наурыз тойы ерекше сән-салтанатымен кең көлемде дүркіреп аталып өткенін көріп, көңіл марқайып отыр. Өзіміз сол думанды ортада болмасақ та, ауылдастардың бөліскен видеолары мен жылы әсерлі әңгімелері арқылы мерекенің рухын сезіндік, шын жүректен қуанып отырмыз» деп жазды ауыл тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде. Мұның өзі де жырақта жүрсе де ауылдастарымен ақжарма тілегін бөлісіп жатқан жандардың ынтымақты тірлікке ризалығын таныта түскен жайт еді.

 

 

 - Мөлтек аудандарға бөлінген ауылдың осындай игі істің ұйытқысы болып, Наурыз тойын жоғары деңгейде ұйымдастыруы біздей қарттарды да қуантып отыр. Азаматтардың еңбектері жана берсін, ынтымақтары арта түссін, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!- дейді ауыл ардагері Мұрат Бектенұлы.

«Мың қосшыға бір басшы» дегендей, осынау іске ауылдық округ әкімдігі және Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің басшылығы ұйытқы болғанын айта кетуді де орынсыз көрмедік. 

 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT