Әз аналар, арналады алғысым, құтты болсын сегізінші наурызың!

ашық дереккөзден

 

Ана отбасының ұйытқысы, берекесі дейтініміз рас. Қазақ халқы қашанда әйел затын ерекше қадірлеп, оны ерінің сенімді серігі, отбасындағы тәрбиенің бір тірегі деп таныған. Тарихқа көз жүгіртсек, ел басына күн туған шақта ерлермен қатар атқа қонып, ел мен жердің намысын қорғаған батыр аналар да аз болмаған. Елдің де ертеңін ойлаған сол аналарымыздың қазіргі қоғамдағы белсенділігінің бәрімізге және таңсықтығы жоқ.  

Олар бүгінде өмірдің қай тұсы болмасын тағылымды тірлігімен танылуда, экономиканың қай саласында да – өндірісте, білімде, кәсіпкерлікте, денсаулықта, өнерде, ғылымда, мемлекеттік қызметте, заң саласында, бәрі-бәрінде еселі еңбектерімен көрінуде. «Үйге әке кірсе - жарық кіреді, ана кірсе - жылу кіреді, бала кірсе - бақыт кіреді» деген сөздің шындығын да дәлелдеп жүрген осы біздің аналарымыз деуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, көгілдір көктемді ілестіре жететін мереке иелері – тәрбие мен тағылым тірегі, бақыт пен қуаныш бейнесі, мынау жарық дүниедегі жақсылық атаулының жанашыры. Олар құрамына енген түрлі бағыттағы қоғамдық ұйымдардың аз емесі де сондықтан деп білеміз, ол ұйымдардың да мақсаты – елдің бүгіні баянды, ертеңі жарқын болуы, сол үшін қолынан келгенінше жақсы істерге ұйытқы болу...

Міне, қытымыр қыстан кейін көгілдір көктем хабаршысындай болып сол аналар мерекесі жеткен шақ бұл. Осынау сәтте мереке иелерінің баршасына: «Ару, ана өпкен көктемгі әр жүзін, Құтты болсын сегізінші наурызың!» деп ақ жүректен ақ тілек те ақтарылады. Иә, береке иелерінің мерекесі құтты болғай!

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT