Қоғамның дамуына кері әсер ететін, мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық - бүгінде елдік, тіпті әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Ол заң үстемдігін әлсіретіп қана қоймай, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетеді. Сондықтан онымен күресу әр азамат үшін маңызды.
Осынау кеселдің салдары қоғамның барлық саласына әсер етеді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету жүйелерінде орын алған заң бұзушылықтар халықтың құқықтары мен мүдделеріне зиян келтіреді. Мұндай келеңсіз әрекеттер әділдік қағидаттарын бұзып, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуын тежейді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы мақсатта заңнамалар жетілдіріліп, мемлекеттік қызметшілердің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда, әсіресе, түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Қоғамда адалдық, әділдік және заңға құрмет құндылықтарын насихаттау арқылы ғана бұл індеттің алдын алуға болады. Әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заң талаптарын сақтауға ұмтылған жағдайда жемқорлықпен күрес нәтижелі болмақ.
Ұлттың жарқын болашағы - адал еңбек пен әділ қоғамды құруға байланысты. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске барша қоғам болып атсалысып, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеуіміз қажеттігін талап етеді.
Күмісгүл ҒАЛЫМОВА,
аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының басшысы


