«Ұзақ жасаудың сыры – тынымсыз тірлікте» - дейді тоқсанға келген еңбек ардагері Шәріп ата

 

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Атырау облыстық мемлекеттік архивінің аудандық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен Н.Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінде Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарының иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Шәріп Сыдиховтың 90 жас мерейтойына арналған «Еңбегіңіз үшін тағзым!» атты кездесу кеші өтті.

Мұндағы мақсат  – еңбек ардагерінің  өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, үлкенге құрмет пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеу болды. Жиынға кеш кейіпкерінің замандастары, бірге қызметтес болған үзеңгілес інілері, аға буын өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, сондай-ақ аудандық мұрағат пен жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.
Алдымен сахна төріне Шәріп ақсақал құрметпен шақырылып, көпшілік назарына оның өмір жолынан сыр шертетін деректі бейнебаян ұсынылды. Кеш барысында әжелер ансамблі «Ағаларым», «Әке туралы жыр» әндерін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

 

 

Кездесу барысында сөз алған қария:

– Мен осы өңірде туып-өстім. Кеңес дәуірінде мал шаруашылығын дамытуға атсалысып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қостым. Бар бақытымды адал еңбектен таптым. Ырыстың бұлағы да, бақыттың шырағы да – еңбек. Біз ел дәулетін арттыру жолында таңсәріден кешке дейін тынымсыз еңбек еттік. Маңдай термен ырыс жинап, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүйдік. Бүгінде сол еңбектің зейнетін көріп отырмын, қарақтарым,-деп ағынан жарылды.

Кеш барысында жүргізуші кеш иесіне «Өміріңіздегі ең есте қалған қуанышты сәт қандай?», «Ұзақ жасаудың сыры неде деп ойлайсыз?», «Бүгінгі жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?» деген мазмұнды сұрақтар қойды. Сөзге жүйрік ақсақал әр сауалға іркілмей жауап беріп, көпшіліктің көңілінен шығатын тағылымды ойларымен бөлісті.

Келесі кезекте мінберге Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі А.Амиров, аудандық мәслихаттың төрағасы А.Рахметов, өлкетанушы-тарихшы М.Насиханов және Атырау облыстық мемлекеттік архивінің аудандық филиалының басшысы Ж.Ахмедьярова көтерілді. Олар сөз алып, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі өмір иесі – Шәріп атаның азаматтық болмысы мен тағылымды жолына кеңінен тоқталды. Әрқайсысы қариямен байланысты жүрекке жылы, тағылымы мол естеліктерімен бөлісіп, оның парасаттылығы, кеңпейілділігі, адал еңбегі мен елге деген жанашырлығы жайлы тебірене әңгімеледі. Айтылған әрбір сөз, әрбір естелік бір дәуірдің шежіресіндей әсер қалдырып, жиналған қауымды толқытып, ойға жетеледі. Құрметке толы тілектерін жеткізіп, құттықтау хаттары мен гүл шоқтарын табыстаған сәтте қарияның мерейі үстем болып, зал іші шынайы ықылас пен ілтипатқа бөленді. Сондай-ақ аудандық мұрағат бөлімінің қызметкерлері бұл мазмұнды кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан азаматтар мен азаматшаларға Алғыс хаттарын табыстап, олардың еңбегін ерекше атап өтті.

 

 

Бұл  ортақ іске жанашырлықпен атсалысқан жандарға көрсетілген әділ құрмет еді. Ал мерейтой иесінің ұрпақтары ардақты атаның иығына шапан жауып, ата дәстүрге сай құрмет көрсетті. Сол сәттегі ұрпақтардың ілтипаты мен ақсақалдың сабырлы келбеті – ұлттық құндылықтардың үзілмес жалғастығын айқын аңғартқан әсерлі көрініске айналды. Ал кештің шырайын кіргізген өнер бағдарламасы да өз деңгейінде өрбіді. Ауылдық мәдениет үйінің қызметкері А.Асылбекова мен Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің ұстазы Ә.Мусағалиев орындаған халық әні «Ағайша» тыңдарман жүрегін тербеп, сағыныш пен сырға толы әуенімен көпшілікті ерекше күйге бөледі. Ал қазақ күй өнерінің алыбы Құрманғазының «Төремұрат» күйі орындалғанда домбыраның күмбірлеген үні залды кернеп, әрбір тыңдаушының жан дүниесін тербеп өтті. Күйдің әрбір иірімі кештің мазмұнын тереңдетумен бірге рухани әсерін еселей түсті.

 

 

Шара соңында Шәріп ата жиналған жұртшылыққа арнап ақ батасын берді. Ақсақалдың жүрек түбінен шыққан ақжарма тілегі елге тыныштық, жұртқа амандық, ұрпаққа береке мен бірлік тілеумен өрілді. Қарияның баталы сөзі кештің шарықтау шегіне айналып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл тағылымды кездесу тек бір мерейтой иесіне құрмет қана емес, ұрпақ санасына ізгілік пен құрметтің, ұлттық рух пен адамгершіліктің мәнін сіңірген, жүректе ұзақ сақталатын рухани кеш ретінде есте қалды.  

                                                                                          

Аяпберген САЛИХОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT