Рухани мәйек саналатын мәдениет саласында тер төгіп, оның жергілікті жерде де дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандардың еңбегі бағалауға тұрарлық. Солардың бірі тұщықұдықтық белгілі өнерпаз Рамазан Мәжитұлы Бермағанбетов деп білеміз.
1961 жылы 4 наурызда Тұщықұдық ауылында дүниеге келген оның атасы да, әкесі де мықты әншілер болыпты. Көнекөздердің айтып кетуі бойынша ән салғандағы дауыстары екі қырдан асады екен. Әжесі де өнерден құралақан болмаған кісі көрінеді. Осындай әулетте өсіп-өнген Рамазанның да өнерден қалыс қалуы мүмкін емес еді.
Ол 1981 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институын бітіріп, дипломды маман болып шығады.Осыдан кейінгі алғашқы еңбек жолы мектептерде музыка пәні мұғалімі болудан басталды. Ол Аққыстау балалар саз мектебінде еңбек еткен жылдары жеткіншектердің қабілетін шыңдауға бір кісідей тер төкті. 2000-2006 жылдары Тұщыұдық селолық мәдениет үйінің, 2007-2011 жылдары «Бермағанбетовтер» жанұялық ансамблінің көркемдік жетекшісі болып қызмет қылады. 2014 жылдан «Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі МКҚК» мекемесі директоры болып еңбек еткен ол, бүгінде зейнет демалысында болса да ауылдағы сол мәдениет ошағында жұмыс жасайды.

Еңбек еткен жылдарында ауыл мәдениеті мен өнерінің дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда өз ісінің шебері, мәдениеттің нағыз маманы екенін де таныта білген Рамазан Мәжитұлының әншілік қыры оны тек ауыл ғана емес, аудан, облыс деңгейіне алып шықты, өнерсүйер қауымға кеңінен танытты. Өзінің орындауындағы қазақ композиторлары мен халық әндері көпшіліктің көңілінен шыққан өнерлі азамат әлі де сол қалпынан танбай келеді.
Әрине, оның мәдениет пен өнер саласындағы көп жылғы осынау еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өрнекті өнерімен бірнеше мәрте бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, талай өнер сайыстарының жүлдегері де атанды ол. Сол еңбегі оның кеудесіне «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» медалінің тағылуына себепші болды.
Бүгінде өзінен өрбіген ұл-қыздары да әке, ата жолын жалғап келе жатқан өнерлі жандар екеніне бүкіл жерлестері куә. Жаны сүйген ісінде шаршауды білмейтін, ұжымы мен өнерсүйер жұртшылыққа сыйлы, адамгершілік қыры да көпке үлгі боларлық Рамазан Мәжитұлы «Мәдениет саласының үздігі» атағына да әбден лайықты жан деп білеміз. Бұны оны білетін барша ауылдастарының ойында жүрген бір қалауы десек те артық емес. Ендеше оның ескерусіз қалмағанын қалаймыз.
Жұмазия АМИРОВА,
Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова медалінің иегері


