Үздік диплом - мемлекеттік қызметке жолдама

 

Білім мен біліктілікке басымдық берілген бүгінгі кезеңде жас мамандарға жол ашатын мүмкіндіктер көбейіп келеді. Әсіресе жоғары оқу орнын үздік нәтижемен тәмамдаған түлектерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – білімді ұрпаққа деген айрықша сенімнің көрінісі. Енді GPA көрсеткіші 3,33 және одан жоғары болған жағдайда, жас түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде уәкілетті органның келісімімен конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылдана алады. Бұл бастама – дарынды жастарды ел ісіне араластырып, олардың туған жердің дамуына үлес қосуына жол ашатын маңызды қадам. Бүгінде білімді, бастамашыл жастардың мемлекеттік қызметке келуі – ел болашағы үшін маңызды үрдіс. Себебі мемлекет басқару ісінде жаңа көзқарас, тың серпін мен заманауи ойлау жүйесі аса қажет. Сондықтан жастарға жасалып жатқан мұндай қолдау олардың кәсіби дамуына ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызмет жолын таңдаған жас мамандардың бірі – Дария Әділжанқызы. Ол жоғары оқу орнын үздік көрсеткішпен тәмамдап, алған білімін туған жерінің дамуына бағыттауды жөн санаған. Жауапкершілігі жоғары салада еңбек етуді мақсат еткен жас маман бүгінде өз ісіне адалдықпен қарап, мемлекеттік қызметтің маңызын терең түсінеді.

 

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тіл туралы заңнаманың орындалуын бақылау бағытында еңбек етуде. Сонымен қатар ономастика мәселелері, көрнекі ақпараттардың талапқа сай рәсімделуі, мемлекеттік рәміздердің қолданылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті ұсыныстар береді. Әртүрлі іс-шаралар, семинарлар мен комиссия жұмыстарын ұйымдастырып, тұрғындармен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді. Дария 2004 жылы  ауданымызға қарасты Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Отбасының кенжесі болған ол кішкентайынан білімге құштар болып өседі. Ауылдағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, үздік оқушылар қатарынан көрінді. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған талапты түлек кейін Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға түседі. «Қазақ филологиясы» мамандығын таңдаған Дария студенттік жылдарын да нәтижелі өткізді. Білімге деген жауапкершілігі мен табандылығының арқасында оқуын 3,72 GPA көрсеткішімен аяқтап шықты. Жас маман үшін үлкен қалада қалып, мансап құруға мүмкіндік болғанымен, ол туған жерге оралып, елге қызмет етуді жөн санады. Еңбек жолын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінде жастар тәжірибесі арқылы бастаған Дария көп ұзамай жоғары GPA көрсеткішінің негізінде конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылданып, бөлімнің бас маманы қызметіне тағайындалды. Бұл – аудан көлемінде осындай бағдарламамен мемлекеттік қызметке орналасқан алғашқы жас маман. Жас маманның айтуынша, бұл бастама білімді жастарды мемлекеттік қызметке тартуға зор мүмкіндік береді.

– Жастарға беріліп отырған мұндай мүмкіндік – елдің білімді ұрпаққа артқан зор сенімінің айқын көрінісі. Бағдарлама жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартып қана қоймай, туған жерге оралып, халық игілігі жолында еңбек етуіне жол ашады. Әрбір жас өз білімін ел дамуына бағыттаса, өңірдің өркендеуіне тың серпін беретіні анық. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін сала. Мұнда кәсібилікпен қатар, халықтың мұң-мұқтажын түсініп, ел сеніміне лайық болу аса маңызды. Сондықтан мен өз білімім мен жігерімді ауданның дамуына арнап, туған жерімнің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Себебі елге қызмет ету әр жастың азаматтық парызы деп білемін. Бүгінгі көрсетіліп жатқан қолдау жастарға үлкен мотивация беріп, болашаққа деген сенімін нығайтады,-дейді ол.

Кейіпкеріміз бүгінде тіл саясатын жүзеге асыру, Иә, расында да мұндай бағдарламалардың маңызы зор. Біріншіден, мемлекеттік қызметке білікті әрі білімді жастар келеді. Екіншіден, жастардың туған жерден жырақтап кетпей, өз өңірінде еңбек етуіне мүмкіндік жасалады. Бұл ел болашағына салынған инвестиция және өңірдің өркендеуіне бағытталған нақты қадам деп есептейміз.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT