«Баға үшін бонус» жобасы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, оқу үлгерімін жақсартуға бағытталған игі бастамалардың бірі болып табылады. Жақында Қамысқала ауылдық округіндегі Новобогат орта мектебінің 2-сынып оқушысы Аянат Хамзина білімдегі үздік жетістіктері үшін 100 000 теңге көлеміндегі бонусқа ие болды. Айта кетейік, бұл марапат Halyk Bank жүзеге асырып отырған «Баға үшін бонус» жобасы аясында табысталды. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған салтанатты шараға Халық банкінің аудандық басқарма басшысы Болатбек Кушалиев оқушыға сертификат табыстап, құттықтау тілегін жеткізді.
Бағдарлама шарты бойынша сабақта жоғары нәтиже көрсетіп, үздік бағаларға қол жеткізген оқушылар қаржылай ынталандыру арқылы марапатталады. Осы орайда, кішкентай бүлдіршін Аянат Хамзина өзінің білімге деген құштарлығы мен зеректігі арқасында жеңімпаз атанды.
Оқушының жетістігі жайлы сынып жетекшісі Лаура Сақтапбек де жылы пікір білдірді.
– Аянат – жауапкершілігі жоғары, алғыр әрі ізденімпаз оқушылардың бірі. Жастығына қарамастан әрдайым белсенділігімен ерекшеленіп, сыныптастарына үлгі болып келеді. Оның бұл жетістігі өзге оқушыларға да зор мотивация беріп, білімге деген ынтаны арттырары сөзсіз, – деді ол.
Осындай ізгі бастамалар жас ұрпақтың білімге деген ұмтылысын күшейтіп, сапалы білім алуға деген құлшынысын одан әрі арттыра түсері анық.


