Ұстаздық – тек мамандық емес, ұлт болашағын тәрбиелеуге бағытталған ұлы миссия. Сондықтан әр шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жаға білетін ұстаздардың қоғамдағы орны қашанда ерекше. Осындай жауапты жолда талмай еңбек етіп, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған білікті педагогтердің бірі – Аққыстау орта мектебінің математика пәні мұғалімі Төлеуғалиева Гүлнара Мантихқызы. Ол ұзақ жылдар бойы математика пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерге сапалы білім беріп, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосып келеді. Өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол білім ордасында ғана емес, аудан көлемінде де құрметке ие ұстаздардың қатарынан орын алды. Ұлағатты ұстаздың көп жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Жуырда облыс орталығында өткен салтанатты жиында Гүлнара Мантихқызы ең мәртебелі мемлекеттік наградалардың бірі – «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат – оның білім беру саласындағы еселі еңбегіне, шәкірт тәрбиелеудегі табысына және ұрпақ болашағы жолындағы адал қызметіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Кейіпкеріміз пән мұғалімінен бөлек бірнеше жыл бойы мектеп директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, ұжымның кәсіби дамуына және мектептің әдістемелік жұмысының жүйелі қалыптасуына үлесін қосып келеді. Бір жағынан өзіңнен кейінгі кіші буындарға яки жас мамандарға тәлімгерлік жасап, тәжірибесімен бөлісіп, олардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беруден еш тайсалған емес. Әрине ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші шәкірт жетістігі десек, Мантихқызының дайындаған оқушылары республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Солардың ішінен ең үздігін атап айтқанда, Әсемай Жұмабекова республикалық «Aiqanat» олимпиадасында үздік нәтиже көрсетсе, Малика Ринатқызы мен Жарасбек Қайнолла «Алтын түлек» олимпиадасында топ жарды.

Ал Дильназ Аяпберген республикалық олимпиаданың аудандық және облыстық кезеңдерінде, сонымен бірге ауыл оқушылары арасындағы олимпиадада жүлделі орындарды иеленген. Сондай-ақ Марсель Рахымжанұлы республикалық «Алтын түлек» олимпиадасынан екінші орын жеңімпазы атанған.

Осындайда «Ұстаздан шәкірт озар» деген тәмсіл ойға оралатыны сөзсіз. Бұл, әрине, ұстаздың білім мен ғылымды ұштастыра білген тынымсыз әрі қажырлы еңбегінің жемісі. Өзі де кәсіби тұрғыда үздіксіз ізденіп жүрген педагог аймақтық математика пәні мұғалімдері арасындағы регатаның жүлдегері, аудандық және облыстық «Педагогикалық идеялар фестивалі» мен «Педагогикалық оқулардың» жеңімпазы. Сонымен қатар «Пайыз есептері арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» атты авторлық бағдарламасымен аудандық, облыстық сайыстардан асығы алшысынан түсіп, бас байрақты еншілеген. Ал күні кеше оның авторлық бағдарламасы республикалық деңгейде жоғары бағаланып, жүлделі 3-орынға ие болып, мерейі үстеді.
–Ұстаздық – мен үшін жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным. Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 38 жыл болыпты. Сол уақыт ішінде талай шәкірт тәрбиелеп, олардың жетістіктеріне куә болдым. Сондықтан иеленген «Құрмет» орденім өзімнің ғана емес, әріптестерімнің, шәкірттерімнің және әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналардың ортақ жетістігі деп білемін. Мен үшін ең үлкен марапат шәкірттерімнің білімді, білікті болып, қоғамнан өз орнын табуы.
Математика пәнін оқытуда теориялық білімді өмірмен ұштастыруға ерекше мән беремін. Осы мақсатта пайыздық есептерді күнделікті тұрмыспен байланыстыра оқытуға негізделген авторлық бағдарлама әзірледім. Өйткені пайыз ұғымы қаржыда да, медицинада да, өндірісте де, қарапайым тұрмыста да жиі кездеседі. Мұндай тапсырмалар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып қана қоймай, логикалық ойлау қабілетін дамытады. Бүгінде осы бағдарлама негізінде шәкірттерім ғылыми жобаларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл –ұстаздық еңбегімнің жемісі әрі алдағы уақытта да ізденіп, еңбек етуге жігер беретін үлкен күш,-дейді Гүлнара Төлеуғалиева бізбен болған әңгімесінде.

Салмақты мінезі, қарапайым болмысы, кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігі арқасында Гүлнара Мантихқызы әріптестері ортасында зор беделге ие. Ал шәкірттері мен ата-аналары оны білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білген ұлағатты ұстаз ретінде ерекше құрметтейді.
Ұстаз еңбегі - ұлт болашағына салынған инвестиция. Осындай жаңашыл педагогтердің арқасында білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиеленетіні сөзсіз.
Сағыныш Қайыр


