Білім мен біліктің, ізденіс пен еңбектің тоғысында толағай жетістіктерге жеткен білім ордаларының еңбегі қашанда елеулі. Жақында Атырау облысы Білім беру басқармасы мен таланттыларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Жетістікке жетелеген жол: дарынды оқушы, талантты ұстаз, үздік мектеп» атты тағылымды шара өтті.
Айтулы шарада Тұщықұдық ауылдық округіндегі Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп облыс бойынша үздік үштіктен көрініп, «Үздік мектеп – 2026» номинациясымен марапатталды. Бұл – ұстаздар мен шәкірттердің жылдар бойғы табанды еңбегі мен бірлескен ізденісінің жемісі. Мектеп директоры Жасұлан Алипов жетістік тұтас ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

Білім додаларында үздік нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттер мен кәсіби ізденісін үзбеген ұстаздардың еңбегі осылайша облыс деңгейінде жоғары бағасын алды. Бұл жетістік мектеп ұжымының жаңа белестерге ұмтылуына серпін беріп, білім сапасын арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижелі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ



