Зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар талқыланды

 

Зейнетақы жинағы – әр азаматтың ертеңіне деген сенімінің бір бөлігі. Сондықтан қордағы қаражаттың қалай басқарылатыны, инвестицияланатыны және салымшының өз жинағына қатысты қандай мүмкіндіктері бар екені көпшілікті қызықтырары сөзсіз.

 

 

Осыған орай «Жалын» мәдениет үйінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті.

 

 

Кездесудің негізгі тақырыбы – салымшылардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы және инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар туралы ақпаратты өз бетінше алуға мүмкіндік беретін invest.enpf.kz порталы.

 

 

Жиын барысында мамандар зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Әсіресе зейнетақы жинақтарын басқару, инвестициялау тәртібі, қаражаттың қозғалысы және жинақ туралы ақпаратты алу жолдары кеңінен сөз болды.

 

 

«БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Күлбарақов қазіргі таңдағы зейнетақы активтерінің көлемі мен құрылымына тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың зейнетақы активтері шамамен 28 триллион теңгені құрайды.

 

 

Кездесуде биыл зейнетақы жүйесіне енгізілген бірқатар өзгерістер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, салымшы қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлеріне беріледі.

 

 

Сондай-ақ Қазақстан азаматы шетел азаматтығын қабылдаған кезде зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігіне қатысты түсініктемелер берілді.

 

 

Ашық есік күні тұрғындар үшін өзекті мәселелерге жауап алатын, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістермен жақынырақ танысатын пайдалы алаңға айналды. Кездесу соңында қатысушылар мамандарға ризашылығын білдіріп, қажетті ақпарат алғандарын жеткізді.

 

 

 

Гүлнұр ӨТЕГЕН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT