Жасыратыны жоқ, аудан орталығы – Аққыстау ауылының санитарлық жағдайына қатысты айтылған сын-пікірлер аз болған жоқ. Тұрғындармен өткен кездесулерде де бұл мәселе жиі көтеріліп, ауылдың тазалығы мен көркін жақсарту қажеттігі тұрақты түрде айтылып келді. Осыған байланыс-ты «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Аққыстау ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі сипат ала бастады. Биыл ауылды абаттандыру мен көркейтуге ерекше басымдық беріліп, елді мекеннің келбетін жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Соның бірі – ауыл көшелеріндегі бетон бағаналарын сырлау жұмыстары. Бұл қарапайым көрінгенімен елді мекеннің эстетикалық келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Қазір Аққыстау ауылына кіреберіс тұсқа жаңа арка орнату жұмыстары жүргізілуде. Болашақта бұл нысан ауылдың өзіндік келбетін айқындап, тұрғындар мен қонақтарды қарсы алатын сәулеттік ерекшелікке айналмақ. Ал Өркен елді мекеніндегі жаяу жүргіншілер көпіріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік жасалды. Ауылды көркейту жұмыстары көгалдандыру бағытында да жалғасуда.
Биыл Аққыстау ауылына 30 түп арша ағашы мен 50 түп шаған ағашы отырғызылды. Жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Санитарлық тазалық мәселесінде дренаж жүйелерінің жағдайына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Аққыстау ауылындағы ұзындығы 5130 метрді құрайтын дренаж жүйесі тоқсан сайын тұрақты түрде тазартылып келеді. Бұл жұмыстар көктемгі қарғын су мен күзгі жауын-шашын кезінде су жиналуының алдын алып, ауылдың инженерлік инфрақұрылымының қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.«Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындардың қатысуымен тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде ауылдастардың экологиялық мәдениеті мен туған жерге деген жанашырлығын арттыруға ықпал етуде.
Аққыстауда жүзеге асқан игі бастамалардың бірі – Ұстаздар саябағында ескерткіштің бой көтеруі. Бұл нысан ұстаздар қауымына көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, жас ұрпақты білім мен тәрбиенің қадірін түсінуге үндейтін тағылымды орынға айналмақ.
Алдағы уақытта да абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын одан әрі жандандыру көзделіп отыр. Негізгі мақсат – тұрғындарға қолайлы, таза әрі көрікті өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округі әкімі



