Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жүздесу

Қоғамның өркендеуі мен отбасының берекесі әйелдің белсенділігіне, біліміне, өмірге деген көзқарасы мен азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Бүгінде нәзік жандылар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер, ұстаз, дәрігер, мемлекеттік қызметші, қоғамдық пікір қалыптастырушы ретінде де өз орнын айқындап келеді. Сондықтан әйелдердің әлеуетін арттыру, олардың кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсету, көшбасшылық қабілетін шыңдап, қоғамдық белсенділігін күшейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.

 

Осы мақсаттағы игі бастамалардың бірі ауданымызда да жалғасын тапты. Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасы, Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «4 билік» Атырау журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Атырау әйелдері: жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты даму алаңы» атты кездесу өтті. Басқосуда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, кәсіби және жеке дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру, тәжірибе алмасу, тұрақты даму бағытындағы бастамаларды қолдау, сондай-ақ өңірдегі әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға ауданның түрлі саласында еңбек етіп жүрген 70-тен астам белсенді әйел қатысып, табысқа жеткен спикерлердің тәжірибесін тыңдап, өзара пікір алмасты. Кездесу әйелдердің әлеуетін ашуға, жаңа идеялардың жүзеге асуына және қоғамдағы өзара қолдау мәдениетін нығайтуға ықпал еткен мазмұнды диалог алаңына айналды.
Жүздесудің  мазмұнын байытқан тағы бір ерекшелік – әр спикердің өмірлік тәжірибеге сүйенген тағылымды әңгімесі болды. Олар өздерінің жүріп өткен жолын, кездескен қиындықтарын, одан алған сабақтарын ортаға салып, қатысушылармен еркін пікір алмасты.

 

 

Жиынды ашқан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева әйел кәсіпкерлігінің бүгінгі қоғамдағы орнына кеңінен тоқталды. Ол «Әйел кәсіпкерлігі – қоғамдық тұрақтылық кепілі: бизнес пен әлеуметтік миссияның үйлесімі» тақырыбын өрбіте отырып, табысты кәсіп тек пайда табудың құралы емес, қоғамға қызмет етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды тетігі екенін әсерлі мысалдармен жеткізді. Одан кейін сөз алған «Dana Oi» тұлғалық даму орталығының жетекшісі, ICU Халықаралық коучинг қауымдастығының Атырау филиалының басшысы Данагүл Жайлаубаева қатысушыларды өз-өзіне үңілуге шақырды. «Әйелдің ішкі тірегі және коучингтік тәсілдер: стрессті басқару, тұлғалық өсу және отбасылық үйлесім» тақырыбындағы әңгімесінде ол әйелдің ең үлкен күші – оның ішкі тыныштығы екенін айтып, күйзелісті басқару, өзін бағалау, отбасындағы үйлесімді сақтау жолдары жөнінде пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар жиында ауыл әйелдерінің әлеуеті мен мүмкіндіктері де кеңінен сөз болды. Аудандық мәслихат депутаты, Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының Исатай аудандық филиалының төрайымы Ақмарал Тахаева ауылда кәсіп бастап, өз ісін дөңгелетемін деген нәзік жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын таныстырып, Исатай ауданындағы игі бастамаларға тоқталды. Оның айтуынша, ауыл әйелдерінің белсенділігі – ауылдың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына серпін беретін маңызды күш.

 

Ал кәсіппен қатар құқықтық сауаттылықтың да маңызы зор екенін заңгер Жұлдыз Ғабдушова жан-жақты тарқатты. «Әйел және заң: әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері» тақырыбында сөз қозғаған ол әрбір әйел өз құқығын біліп қана қоймай, оны қорғай алуы тиіс екенін айтып, өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелерге нақты мысалдар арқылы жауап берді. Жастардың жаңа буынының үнін жеткізген Усила Арманқызы кәсіпкерлікке жас кезде қадам басудың артықшылықтарын әңгімеледі. «Жастар қанаты – жаңа белес: кәсіп пен қоғамдық өмірдегі жас көшбасшылар үні» тақырыбында ол өз тәжірибесімен бөлісіп, тың идеядан қорықпауға, батыл шешім қабылдауға және қоғам өміріне белсенді араласуға үндеді. Сонымен  кездесудің соңында сөз алған «ЛТД Плюс» ЖШС-нің басшысы, «BuLBul» мейрамханасы мен кейтеринг қызметінің негізін қалаушы Гүлжайна Нұрғалиева сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырған өмір жолын баяндады. Ол кәсіпкерлікке жетелеген алғашқы қадамдарынан бастап, кездескен қиындықтарды қалай еңсергенін әңгімелеп, табысқа жетудің басты кілті – еңбек, табандылық және өз ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік екенін ерекше атап өтті.

– Ерекше балам өмірге келгеннен кейін қоғамдық қызметке бет бұрдым. Сол қажеттіліктен кәсіп бастауға да шешім қабылдадым. Бүгінде ерекше балаларға арналған онлайн супермаркеттің негізін қалап, «Ай сән» жөргектерінің авторы атандым. Осындай жетістіктерге мемлекет тарапынан жастар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, түрлі курстар мен оқыту семинарларына қатысу арқылы қол жеткіздім. Әр адамның қоғамда өз орны, өз ұстанымы болуы керек. Менің мақсатым – өзім сияқты ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға үміт сыйлап, ешқашан мойымауға жігер беру. Өйткені ерекше баланың өмірінде ананың рөлі айрықша маңызды,-деді спикері, жеке кәсіпкер Усила Арманқызы. 

 


Кездесу соңында қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер әйелдердің өз мүмкіндігін тануына, тәжірибе алмасуына, жаңа білім мен тың көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді. Әсіресе түрлі салада жетістікке жеткен азаматтардың өмір жолы мен тәжірибесі қатысушыларға ерекше әсер қалдырған.

–Бұл кездесуде қозғалған әрбір тақырыптың маңызы зор болды. Әйелдің жеке тұлға ретінде қалыптасуы, ішкі жан дүниесінің тыныштығын сақтауы, кәсіби тұрғыдан өсіп, кәсіпте де, қызметте де көшбасшы бола білуі, сондай-ақ отбасының берекесін ұйыстыра алуы жан-жақты сөз болды. Осындай мазмұнды кездесулер әйелдердің өзіне деген сенімін нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастар үшін тәжірибе жинақтап, өз жолын табуға үлкен мотивация береді деп ойлаймын,-деді аудан тұрғыны Гүлнара Саматқызы.


Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына риза болып тарқасты. Сонымен қатар алдағы кездесулерге жасанды интеллект пен медицина саласындағы өзекті тақырыптар туралы айта алатын спикерлер қатысса деген ұсыныс білдірді. 

Жайна ӨМІРҚҰЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT